20 қаз, 2016 сағат 21:44

Өскемен мен Семей қалаларындағы қоғамдық көліктер 9,6 млрд теңгеге жаңаланбақ

«Altai Invest-2016» халықаралық форумында Өскемен мен Семей қалаларындағы қоғамдық көліктерді модернизациялау бойынша алдын ала келісімдерге қол қойды. Аталмыш жобалардың жүзеге асырылуы - жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. 

Еуропалық қайта құру және даму банкі тарапынан Шығыс Қазақстанның екі ірі қаласына қауіпсіздік талаптарына сай жайлы, заманауи автобустарды сатып алуға несиелік қаржы бөлінеді. Сонымен қатар, жобаның аясында автокөліктердің қозғалыстарын диспетчерлік және GPS бақылау, электронды төлем жүйесін енгізу үшін арнайы қондырғыларды сатып алу көзделіп отыр. Банк бөлген 9,6 млрд теңгенің 5,1 млрд теңгесі Өскемен қаласына, 4,5 млрд теңгесі Семей қаласына арналған. 

Қолға алынған жоба қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесін енгізіп, жолаушылар саны бойынша нақты мәлімет алуға, тәулік бойында жолаушылар ағымын анықтауға, осы арқылы төлем саясатын қалыптастыруға және көлік кестесін жөндеуге мүмкіндік береді.

Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы директоры Джанет Хэкманның айтуынша, Банк Шығыс Қазақстан облысының жобаларын қолдап, инновациялық мүмкіндіктерін дамытуға өз үлесін тигізбек. 

- ЕҚДБ Шығыс Қазақстан облысында инфрақұрылым саласы бойынша атқарылып отырған жұмыстардың барысына және олардың нәтижелеріне жоғары сенім білдіреді. Бұл жобалар Банктің міндеті мен стратегиялық күн тәртібіне толықтай жауап береді, - деді Джанет Хэкман.

Қоғамдық көліктер Банкпен келісіле отырып, әкімдіктердің талаптарына сәйкес сатып алынатын болады. 

Айта кетсек, ШҚО әкімдігі мен ЕҚДБ арасындағы әріптестік байланыстар өткен жылы өз бастауын тапты. Бүгінгі таңда облыс әкімдігінің ЕҚДБ-мен инвестициялық қоры 245 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 37,7 млрд теңгеге алдын ала және несиелік келісімдерге қол қойылды.