12 там, 2021 сағат 19:32

Өскемен әуежайы қазан айында жұмысын қайта бастайды


Өскемен қаласының әуежайы бірінші қазан күні жұмысын қайта бастайды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ШҚО әкімі Даниал Ахметов Өскемен әуежайындағы реконструкциялау жұмыстарының барысымен танысты. Оның айтуынша, жұмыс қарқыны белгіленген кестеден жылдамырақ жүргізілуде. Жақын арада мұнда жарықтандыру жабдығы орнатылып, техникалық қызметтердің бір бөлігі орналасатын ғимарат салынады.

«Әуежайды жаңғырту барысында ескі ұшу-қону жолағына жаңа әрі заманауи жабын төселді. Сонымен қатар оның ұзындығы 2800 метрге, ені 60 метрге дейін кеңейтілді. Жаңа ұшу-қону жолағы әлемдік стандарттарға сәйкес келеді және жоғары кластағы ұшақтарды қабылдауға, бағыттар санын ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді аймақ басшысы.

Қазір қалаға әуежайларды сертификаттайтын арнайы комиссия келген. Сондай-ақ азаматтық авиация комитеті мамандарының басшылығымен әуежайдың ұшу-қону жолағы арнайы тексеруден өткізіледі. 

«Өскемен әуежайы соңғы рет 1996 жылы жөнделген. Биыл қазан айының 1-і күні әуежай өз жұмысын қайта бастайды», - деді Ахметов.