Өскемен қаласында ауқымды реконструкциялау жұмыстары жүргізілген әуежай қайта ашылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
ШҚО Ақпарат орталығының мәліметіне сүйенсек, соңғы 5 ай бойы жабық тұрған Өскемен әуежайы 1 қазанда өз жұмысын бастаған. Таңертеңнен әуежайдан Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына ұшақтар ұшты.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұшу-қону жолағы күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ жолақты ұзарту және кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілген.
«Мердігерлер ұшу-қону жолағындағы асфальтбетон жамылғысын толығымен ауыстырып, оны біршама ұлғайтты. Енді ұзындығы 2800 метр, ені 60 метрді құрайды. Мұндай параметрлер әуежайға ірі халықаралық рейстерді қабылдауға мүмкіндік береді. Ұшу-қону жолағын жарықтандыратын жабдықтардың жаңа заманауи жүйесінің орнатылуы да аса маңызды болып отыр», - деді «Өскемен әуежайы» АҚ президенті Николай Короленко.
Оның айтуынша, әуе айлағында мұндай ауқымды жұмыстар соңғы рет 1996 жылы жүргізілген.