17 нау, 2021 сағат 15:27

Өскемен әкіміне маскасыз суретке түскені үшін айыппұл салынды

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омарға Б.Александров атындағы Спорт сарайында өткен шарада маска тақпағаны үшін айыппұл салынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұған дейін әлеуметтік желіде Өскеменде мәнерлеп сырғанаудан қалалық мектептің фестивалі кезінде түсірілген сурет тараған болатын. Суретке көрермен ретінде келген "Өскемен көлік компаниясы" ЖШС директоры Михаил Чайка, қоғамдық белсенді Елена Березинская-Абилова мен Жақсылық Омар түсірілген. Желі қолданушылары әкімді іс-шараға маскасыз қатысқаны үшін сынға алған еді.

«Б.Александров атындағы Спорт сарайында өткен шараға қатысқан шаһар басшысы Жақсылық Омардың маска тақпай түскен фотосуретіне қатысты БАҚ-та тараған ақпараттар және жеке тұлғалардың өтініштері мұқият қаралды. Соның нәтижесі бойынша аталған тұлғаға қатысты қысқартылған өндірістік тәртіппен ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік айыппұл салынды. Қазіргі уақытта Ж.Омар айыппұлды өз еркімен төледі», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. 

Осы ретте, ведомство өкілдері ШҚО Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысында жазылған маска тағу талабы барлық жеке және заңды тұлғалар үшін міндетті екендігін еске салды. 

Сондай-ақ, бұл ақпарды әкімнің кеңесшісі Әлібек Тұрсымбетов растады.

"Қала басшысының қоғамдық орынға маскасыз бару оқиғасы қолданыстағы заңнама аясында аяқталды. Өткен аптада заң бұзушылық туралы тиісті хаттама тіркелгеннен кейін қала әкімі белгіленген айыппұлды төледі", - деді ол Instagram желісіндегі парақшасында.

Сонымен қатар, оның сөзінше, Жақсылық Омармен бір іс-шараға қатысқан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да маска тақпағаны үшін айыппұл төлеген. 

Айта кетейік, карантин талабын бұзған қала әкімі 15 АЕК, яғни 43 755 теңге мөлшерінде айыппұл төледі.