Алдағы кезектен тыс Президент сайлауын өткізуге 20,5 миллиард теңге қажет. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафина мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Біз қаржы министрлігіне сайлау науқанына жұмсалатын шығындардың сметасын ұсындық. Оның мөлшері – 20,5 миллиард теңге. Қазір бұл мәселе талқыланып жатыр. Сметаның көптігі, ең алдымен, еңбекақы төлеу қорымен байланысты", - деді Мұстафина брифингте.
Айтуынша, Үкіметтен сұралып отырған ақша, сондай-ақ жарамсыз урналарды ауыстыруға, бюлеттень әзірлеуге жұмсалады.
Мәселен, 2019 жылы бір бюллетеньді әзірлеуге 11 теңге жұмсалса, қазіргі есептеулер бойынша оның құны 22 теңгеге дейін артқан.
Сондай-ақ биыл ОСК тиісті санаттағы азаматтар үшін Брайль шрифті бар трафареттер әзірлеуді жоспарлап отыр. Ол әрбір сайлау учаскесінде болады.
Бұдан бөлек, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де 105 миллион теңгеге өтінім берген. Бұл ақшаға министрлік қызметкерлері шет елдердегі қазіргі есептеулер бойынша 69 сайлау учаскесіне бюллетеньдерді жеткізеді.
"Бұл кезектен тыс сайлау болғандықтан, Үкімет сайлауға резервтен ақша бөлу туралы шешім қабылдайды. Біз, ең алдымен, сметаны Қаржы министрлігінде қорғаймыз, кейін процедуралық тәртіппен басқа мүдделі министрліктермен келісеміз", - деп түсіндірді Мұстафина.
Биыл кезектен тыс Президент сайлауы 20 қарашада өтеді. Президентікке кандидаттар ұсыну ертең, 23 қыркүйекте басталады.