12 қаз, 2022 сағат 20:46

ОСК Нұржан Әлтаевты кандидат ретінде тіркеу рәсімін тоқтатты


12 қазанда Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Оған мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, бейнеконференцбайланыс режимінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері қатысты, деп хабарлайды ОСК баспасөз қызметі.

Отырыста Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Нұржан Бауыржанұлы Әлтаевтың сәйкестігін анықтау мәселесі қаралды.

"Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Ортсайлауком мүшесі Шавкат Өтемісов баяндама жасады. Ол Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Нұржан Бауыржанұлы Әлтаевқа қатысты сайлау туралы Конституциялық заңның 59-бабының талаптарына сәйкес ҚР ОСК уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті сұраулар салулар жіберілгенін хабарлады. Құзыретті мемлекеттік органдардан келген мәліметтерге сай азамат Нұржан Бауыржанұлы Әлтаевқа қатысты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркелуге кедергілер жоқ екені анықталды.

Мәселен, ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сай Нұржан Бауыржанұлы Әлтаев Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарға қойылатын Конституция мен «ҚР сайлау туралы» КЗ талаптарына сәйкес келеді" - делінген хабарламада.

Ұсынылған мәліметтерге сай:

Ішкі істер министрлігі Нұржан Бауыржанұлы Әлтаев тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады, Қазақстанда соңғы 44 жыл бойы тұрады;

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі – 5 жыл 2 ай;

Әділет министрлігі ұсынған мәліметтерге сай Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты ұсынған «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркелгені туралы құжаты бар.

Лингвистикалық комиссияның 2022 жылғы 11 қазандағы қорытындысы негізінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Жоғары білімі бар (дипломның түпнұсқасымен салыстырып тексеру жүргізілді).

"Сонымен қатар 11 қазанда Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына Астана қаласы Байқоңыр ауданы сотының «Мұқалмас» РҚБ жалпы жиналысының Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ұсыну туралы 2022 жылғы 6 қазандағы № 19 хаттамасының қолданылуын тоқтата тұру туралы ұйғарымын дереу орындау талабы келіп түсті.

Соттың шығарған шешімі негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабының 3-тармағына сәйкес кандидат Әлтаев Нұржан Бауыржанұлының Орталық сайлау комиссиясымен сәйкестігін белгілеу тоқтатылды" - делінген ОСК-ның ресми ақпаратында.