Қарағанды облысының Ұлытау ауданында төтенше жағдайдың алдын алу және жою бойынша аудандық комиссия жұмыс істейді. Ауданда барлығы 39 жер пайдаланушы зардап шекті. Олардың жайылымдары өртенді және бір шаруа қожалығы 318 малынан айырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Серік Шайдаров зардап шеккендерге қандай қолдау көрсетілетінін түсіндірді.
Әкім орынбасары фермерлермен, оның ішінде малы қырылған шаруа қожалығының басшысы Сағынтай Әбдібековпен кездесті. Тәуелсіз сарапшы фермердің шығынын бағалайды. Оған нарық құны бойынша өтемақы төленеді.
«Мен мал шаруашылығымен 1996 жылдан бері айналысамын. Осындай жағдай біздің фермада алғаш рет болды. Өрт тез тарады. Жел екпінді болып, бағытын өзгертті. Біз тіпті малды қауіпсіз жерге шығарып үлгермедік. Бәрі ойдағыдай болады деп үміттенемін. Облыс әкімінің орынбасары, жергілікті әкім, аудан басшысы да менімен байланысқа шықты. Көмектесуге уәде берді. Қиындықта қалдырмағандарыңызға рахмет!», – дейді Сағынтай Әбдібеков.
Жайылымдық жерлер мен шабындық жерлерден айырылған фермерлерге де қиын жағдайдан шығудың шешімдері ұсынылды.
«Қазір ауданның көптеген фермерлері зардап шеккен фермерлерге шөп шабу және мал жаю үшін өз жерін беруді ұсынады – бұл бір шешім. Екіншісі – бір жылға өтеусіз мемлекеттік жер бөлеміз. Мұндай шартты жасауға Жер кодексі мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Серік Шайдаров.
