09 қар, 2020 сағат 20:42

Өртеніп жатқан аурухананың пациенттері облыс орталығына жеткізілді – Қостанай

Қостанай облысында өртеніп жатқан Федоров аудандық ауруханасындағы адамдар Қостанай қаласына жеткізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазіргі уақытта Федоров аудандық ауруханасының пациенттері, атап айтқанда, отадан кейінгі, жүкті және босанған әйелдер, сондай-ақ ерекше бақылауды қажет ететіндер Қостанай облыстық ауруханасына жеткізілді. Оның ішінде реанимациялық көмек қажет ететін науқастар да бар. Ал ауруханадан шығаруға дайындалып жатқан 6 пациент интернатқа қонып шығады», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ксения Жилкибаева. 

Қазір Федоров ауданының жедел жәрдем қосалқы станциясына Қостанай қаласының жедел жәрдем бригадасы аттанды. 

Еске салсақ, Қостанай облысының Федоров ауданында аурухана өртеніп жатыр. 

ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша, бүгін сағат 18:28-де Қостанай облысының өртке қарсы қызмет пультіне Федоров ауданының ауруханасы ғимаратындағы өрт туралы шақырту түскен. 

«Өрт сөндірушілер оқиға орнына төрт минуттан кейін, сағат 18:32-де жетті. Олар келген кезде өрт 300 шаршы метр аумақта шатыр, төбе жабыны және лифт шахтасын жалмаған. Оқиға орнына Қостанай облысы ТЖД жақын бөлімшелерінің күштері жұмылдырылды. Атап айтқанда, жеті арнайы техника мен жеке құрамның 25 адамы өрт аумағында жұмыс істеп жатыр», - деп нақтылады Талғат Уәли.