13 қаз, 2019 сағат 01:15

"Орда" әншілерінің ата-анасы қаза болды: полиция жол апатының мән-жайын айтты

Қарағанды облысында Теміртау қаласының маңында жеңіл және жүк көліктері соқтығысып, 4 адам қаза тапты. Алдын ала мәліметтер бойынша, қаза болғандардың арасында «Орда» тобы солистерінің ата-анасы болған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Көлік оқиғасы 11 қазан күні Бұқар Жырау ауданында, Теміртау қаласынан 2 шақырым жерде болған.

«Volkswagen» автокөлігінің 66 жастағы жүргізушісі «Теміртау-Астана» автожолының қарсы бағытына шығып, 28 жастағы ер адамның басқаруындағы «Scania» маркалы жүк автокөлігімен соқтығысқан.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Volkswagen» автокөлігінің жүргізушісі мен оның үш жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Аталған дерек бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, ҚР ҚК 345 бабы 4-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - деді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Ресми емес мәліметтер бойынша, қаза болғандардың арасында қазақстандық продюсер және «Орда» тобының әншілері Ерболат және Жанболат Беделханның әке-шешесі болған.

Белгілі журналист Ришат Асқарбекұлы Facebook-тегі өз парақшасында әншілерге көңіл айтты.