Қазақстанда "оралман" терминін заңдық тұрғыда қандас деген ұғымға ауыстыру жоспарланып отыр. Бүгін мәжіліс көші-қон процестеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Президент "оралман" сөзіне қатысты өз позициясын білдіріп, терминді "қандас" ұғымымен ауыстыру туралы тапсырма берді. Сондықтан заң жобасында бұл норма келісілген. Егер заң болашақта қабылданып жатса, "оралман" түсінігі "қандас" сөзімен алмастырылады", - деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәжіліс кулуарында.
Журналистер министрден "оралман" терминін ауыстыру қажеттілігі неден туындағанын да сұрады.
"Бұл жұртшылықтың ұсынысы болатын. Соған қарағанда, осы жылдар ішінде терминге қатысты оң көзқарас қалыптаспаған сыңайлы. Сол себепті осындай тапсырма берілді. Мен оны қолдаймын", - деді ведомство басшысы.
Осы орайда Нұрымбетов өзіне қай сөз жақын екенін де айтты.
"Мен, мәселен, ешқашан оралман деп сөйлемеймін. Қандас деп айтамын. Ол маған кішкене жақындау", - деп ағынан жарылды министр.
Айтуынша, егер заң қабылданса, онда 10 заң мен 7 кодекске өзгеріс енгізіледі. Яғни, "оралман" термині барлық құжатта "қандас" сөзімен алмастырылады.
Мәжіліс депутаттары "оралман" ұғымын "қандас" деп ауыстыруды көздейтін заң жобасын бүгін бірінші оқылымда мақұлдады.