Орал қаласында екі көлік соқтығысып, салдарынан екі адам қайтыс болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Полиция жол апатының видеосын жариялады.
Жол апаты 9 қазанда Абай даңғылында болған. Lada Priora көлігінің жүргізушісі кері бұрылып жатқан. Сол кезде Мercedes қатты жылдамдықпен бүйіріне соғылады. Lada-ның жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 345-бабы (көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соғуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бұл бап бойынша белгілi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.