Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Ұлттың үні - жыр-терме» атты облыстық жас термешілер байқауы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өнер кешін БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Байқау мақсаты - халықтық терме өнерін өскелең ұрпаққа, өнер сүйер жұртшылыққа кеңінен насихаттау, жас таланттарды анықтап, дарынды өнерпаздардың кәсіби шеберлігін арттыру.
Сайысқа 16 жас термеші қатысып, Батыс мақамымен және еркін тақыоыпта терме орындап, өз өнерлерін ортаға салды.
Байқау қорытындысында 14-18 жастағылар арасында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенті Ақмарал Темірболатова бірінші жүлдені жеңіп алды. Д.Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебінің оқушысы Лаура Мәлікова екінші, Оралдағы №25 мектеп шәкірті Сабина Жұмагелдина үшінші орынға көтерілді.
Ал 19-29 жастағылар арасынан Казталов ауданынан келген Нұралы Айтуғанов үздік шықты. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттері Әділ Ахметов пен Ақбота Есетова екінші және үшінші орындарды бөлісті.
Сайыс жеңімпаз-жүлдегерлеріне ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.