21 қаз, 2020 сағат 07:35

Оралда тұрғындар шағымынан соң жол салуды тоқтатты

Оралда тұрғындар шағымынан кейін өзен мен шағын орман маңына жол салуды тоқтатты. Орманға жақын жатқан көше тұрғындары тамыз айынан бері түрлі мемлекеттік органдарға хат жазғаннан кейін қала әкімдігі жол салу туралы келісімнің күші жойылды деп хабарлаған.

- Шағын орман аумағында айналма жол салынатынын естігеннен кейін үнсіз қалмай, пікірімізді айту қажеттігін, билікке қайрылу керек екенін түсіндік. Жоспар бойынша, жол шағын орманды кесіп өтеді, демек ағаштар кесіледі деген сөз. Оның үстіне бірнеше метр жерде Старичка өзені ағып жатыр, ол Жайыққа құяды. Құрылыс өзенге де зиян тигізуі мүмкін, - деді жергілікті тұрғын Наталья Кудрявцева. 

Өткен аптада тұрғындар әкімдіктен жол салынбайтыны туралы хат алған. 20 қазанда тұрғындармен кездесу кезінде Орал әкімінің орынбасары Асхат Көлбаев бұл ақпаратты растап, қала әкімі Абат Шыныбековтің жол салу туралы шешімнің күшін жойғанын атап өтті. 

Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлім қызметкерлері алдағы уақытта аталған аумақта жол салу жоспары жоқ екенін айтты. 

Айналма жол бұрынғы былғары зауытының орнында басталған құрылыс алаңымен шектесіп жатыр. Жазда жеке компания ол жерге көп қабатты тұрғын үй сала бастаған. Қазір билік шешімімен құрылыс тоқтаған. Құрылыстың тоқтағаны жайлы ақпарат қыркүйек айында белгілі болды. Ол кезде тұрғындар құрылыс компаниясының экологиялық нормаларды сақтамайтынын айтып, шағымданған болатын. Құрылыс қалдықтары шағын орманға төгілген, ал сараптама "лас" деп тапқан топырақ құрылыс аумағы мен орманға жайылған. 

Қазір жергілікті тұрғындардың қолында экологиялық сараптаманың нәтижесі бар. Онда аудан топырағының құрамында мұнай өнімдерінің концентрациясы, хлорид, сульфаттар мен өзге де заттардың шамадан асып кеткені жазылған.

Тұрғындарға билік жіберген құжаттардағы мәліметке сәйкес, құрылыс компаниясы ластанған топырақты 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін утилизациялауы қажет.

Азаттық