Оралда түнде өрт шыққан көпқабатты үйден 83 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, 18 мамыр күні сағат 23.38-де Д.Қонаев атындағы шағынауданда 67-үйдің 3-қабатында өрт шыққаны жөнінде 101 телефонына хабар түсті.
Оқиға орнына жеткен №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі барлау жүргізген кезде тоғыз қабатты үйдің аталған пәтерінде жеке заттар мен диванның жалын шарпығанын анықтады. Сондықтан №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі мен жедел құтқару жасағы көмекке шақыртылды.
Жеке құрамның тез қимылдауы нәтижесінде өрт қысқа уақытта, 19 мамырда сағат 00.15-те оқшауланып, 00.25-те сөндірілді.
Үйден 83 адам қауіпсіз жерге көшірілді, соның 33-і – жасөспірім. Соның ішінде 9 бала жедел жәрдемге тапсырылды.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын, кінәлі адамдар анықталып жатыр.