28 шіл, 2020 сағат 18:52

Оралда полиция қызметкері 0,5 млн теңге пара алу үстінде қолға түсті

Орал қаласында пара алған полиция қызметкері ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметкерлері ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаментімен бірлесе отырып, көші-қон қызметі басқармасы қызметкерін пара алу үстінде қолға түсірді. 

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған дерек бойынша ҚР ҚК 366-бабына (пара алу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 

Күдікті Орал қаласы полиция басқармасының уақытша оқшаулау изоляторына қамалды.

БҚО прокуратурасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, полиция қызметкері 500 мың теңге пара алу үстінде ұсталған.

Сот қаулысымен ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексі 139-бабына сәйкес күдікті 10 күн мерзімге қамауға алынды.

Қазіргі кезде тергеу жалғасуда, тиісті сараптамалар тағайындалды.