30 мау, 2021 сағат 15:27

Оралда мониторингтік топтар күшейтілген режимде жұмыс жасауда


Орал қаласында мониторингтік топтар күшейтілген режимде жұмыс жасап жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қала әкімі Абат Шыныбековтің мәлім еткеніндей, сәуір айынан бері шаһар 4 учаскеге бөлініп, 8 топ (жартысы қалада, төртеуі кент әкімдіктерінде) рейдтерге тұрақты шығуда. 

Абат Абайұлының сөзіне қарағанда, күн сайын жолаушылар автобустарында санитарлық-эпидемилогиялық талаптардың сақталуына мониторинг, сондай-ақ жүргізушілермен, кондукторлармен және жолаушылармен түсінік жұмыстары жүргізіледі. Автобус парктерінің басшылары санитарлық талаптар сақталмаған жағдайда айыппұл салынып, субсидия төленген кезде қаржының ұсталынып қалатыны ескертілді.

Мониторинг барысында 19-26 маусым аралығында санитарлық талапты бұзған 19 жүргізуші, 1 кондуктор анықталды.

«Соңғы кезде Орал қаласында коронавирус жұқтырғандардың көбейгеніне қарамастан, той-томалақ жасаушылар тыйылмай отыр. 21-27 маусым аралығында «Самал», «Әмина», «Ата-ана», «Қоржын», «Гранд Зодиак» және «Арбат» мейрамханаларында карантиндік талаптар бұзылуына байланысты қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына материал дайындалуда. Бұл бағыттағы жұмыс күшейтіледі», деді қала басшысы.

Жыл басынан бері нысандарда карантин талаптарын бұзушылықтың 198 дерегі белгілі болды. Барлығы 7,3 млн астам теңгеге 128 хаттама толтырылды.