Оралда модульдік жұқпалы аурулар ауруханасын қараша айында салып бітіру көзделген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дархан Хайрушевтің мәлім еткендей, Үкімет бастамасымен барлық өңірде модульдік ауруханалар салынып жатыр.
Оралда маусым айында басталған құрылыс нысанында қазіргі таңда жалпы жұмыстар 50 пайызға орындалған.
Аурухана құрылысының құны 7,2 млрд теңгені құраса, соның 4,2 млрд теңгесі бөлінген.
Жоба мердігері – BI-group компаниясы.
Модульдік аурухана 8 бөліктен тұрады. Соның төртеуі – металл конструкциялары, жартысы – «Модекс» модульдік блоктары. Күні бүгін металл конструкциялары орналастырылса, «Модекс» блоктарын монтаждау басталды.
Сонымен қатар ауа райының бұзылып кету мүмкіндігін ескере отырып, аумақты абаттандыру жұмыстары қоса жүріп жатыр. Жиһаздар да әзірленген, олар уақытша қоймада сақталуда.