13 сәу, 2020 сағат 09:58

Оралда медицина қызметкері коронавирус жұқтырған

Оралда коронавирус жұқтырған тоғызыншы науқас медицина қызметкері болып шықты. Бұл туралы брифингте БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, 49 жастағы медбике «Кумыска» провизорлық стационарында жұмыс істейді. 

Коронавирусқа шалдыққан адамдармен байланыста болғаннан кейін медбикеден бастапқыда 9 сәуір күні алынған зертханалық сынама теріс нәтиже көрсеткен. Алайда 12 сәуір күні тағы да сынама алынған кезде оның коронавируспен ауырғаны анықталып, науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеке боксқа жатқызылды.

Жағдайы қанағаттанарлық, ем қабылдауда.

Науқаспен жұмыс орнында тікелей қарым-қатынаста болған 7 адамнан сынама алынды. Оның алтауынан ауру анықталған жоқ. Біреуінің қорытындысы әлі шыққан жоқ. 

Сонымен медицина қызметкері тұрған «Құрылысшы» шағынауданындағы үйдің кіреберісіне карантин қойылып, науқастың пәтері мен сол маңға тиісті дезинфекция жұмыстары жүргізілді.

«Оған қоса «Кумыска» стационарында карантин орнатылып, ондағы барлық емделушілердің кіріп-шығуына тыйым салынды. Науқаспен байланыста болған жеті адам да карантинде. Басқа ауысымда болған қызметкерлер де тексеріліп жатыр», деді М.Арыспаев.

Оның сөзіне қарағанда, болжам бойынша аталған медицина қызметкері қорғаныс құралдарын дұрыс пайдаланбаған. Мұның бәрі анықталу үстінде. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Каюпов науқастармен алдыңғы шепте жұмыс істеп жүрген медицина қызметкерлерімен қосымша нұсқау шарасы жүргізілгенін, тұрғындардың да сақтықты ұмытпауы керектігін жеткізді.

Еске сала кетейік, бұған дейін 49 жастағы вирус жұқтырған науқас, провизорлық стационарда медбике болып жұмыс істейтіні туралы www.coronavirus2020.kz сайтының ресми телеграм арнасында хабарланған болатын.