Оралда криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері қарулы күдіктіні ұстады. Бұл сәтті куәгерлер видеоға түсіріп алған, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Әлеуметтік желілерде бұзақылық жасаған күдіктіні жедел әрекет ететін арнайы жасақ қызметкерлері ұстағаны түсірілген видео пайда болды. Кадрлардан жасақ қызметкерлері екі ер адамды Chrysler маркалы көлігінен шығарып, жерге жатқызғаны көрінеді.
Полиция департаменті бұл деректі растады және қауіпсіздік күштерінің арнайы операциясының мән-жайын хабарлады.
"Бірінші сәуірде сағат шамамен 16:30-да Оралдағы Исатай-Махамбет көшесінде полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде 33 жастағы ер адамды ұстады. Ол Орал аумағында бұзақылық әрекеттер жасады деген күдікке ілінді. Бұл факт биыл ақпанда тіркелген. Көлікті тексеру барысында тапанша мен пышақ тәрізді үш зат табылды. Олар сараптамаға жіберілді. Екінші ер адамның заңға қайшы әрекеттерге қатысы жоқ, сондықтан босатылды", - деді БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков.
1746 рет оқылды