Исатай-Махамбеттің еңселі ескерткіші орнатылмақ. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Мұқаев зиялы қауым өкілдерімен кездесуде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, өңір басшысы Алтай Көлгіновтің қолдауымен қаржы мәселесі толықтай шешілді.
«Ескерткішті қай жерде орнату мәселесі бұған дейін де талқыланып, түрлі пікірлер айтылды. Барлығы 11 орын қаралды. Әйтсе де, ескерткіш ауқымды, биіктігі шамамен бес қабатты үймен деңгейлес болғандықтан, көпшілігі сәйкес келмеді. Мұндай монументальды ескерткіштерді шаһардың кіреберісіне орнату көп қаланың тәжірибесінде бар. Мысалы, Башқұртстан астанасы Уфадағы өзен жағасында тұрған Салауат Юлаев, Алматы облысындағы Наурызбай батыр, Ұлан-Батырдан бір сағаттық жолдағы үстіртте орналасқан Шыңғыс хан ескерткіштерін айтуға болады. Осы тәжірибені ескере отырып, Исатай-Махамбет ескерткішін қала мен Зачаган кенті аралығындағы Шаған өзенінен өтетін көпірдің алдына орнату көзделіп отыр. Бұл орын тар болмайды. Өйткені, 2019 жылы қаланың бас жоспарына толықтыру енгізіп, ескерткіш орнатылатын орынның екі жағындағы өзен жайылмаларын биіктетіп, саябақ жасау көзделген. Жаяу көпір, автотұрақтар салу да ойластырылады.
Екіншіден, осы жермен өтетін Чагано-Набережная көшесін Исатай-Махамбет деп атау жөнінде ұсыныс бар. Болашақта бұл ұзын көшені даңғылға айналдыруға болады. Сегіз бірдей бағытта автобус қатынайтын Зачаган арқылы Атырау, Саратов облыстарына және Батыс Қазақстанның оңтүстік аудандарына жол шығады. Зачаган кенті мен жаңадан бой көтеріп жатқан «Ақжайық» шағынауданында алдағы уақытта 150 мыңға жуық халық тұратын болады. Міне, қалаға келетін қонақтар ғана емес, тұрғындар да күн сайын Исатай-Махамбет ескерткішіне көз салып кете алады», - деді Мұрат Рахметұлы.
Жиында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебай Нығмет, «Қазақстан» ұлттық арнасы БҚО филиалының директоры Асланбек Ғұбашев, ақын-жазушылар Бауыржан Ғұбайдуллин, Мұнайдар Балмолда, театр қызметкері Нұрлан Сәдір, құрылысшы Бақытжан Нұрбаев және басқалар шаһар басшысының сөзін қолдап, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Аталған орыннан М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті қашық емес. Сондықтан университет атауын да Исатай-Махамбет деп өзгертсе, артықтық етпейді. Ескерткіш алдындағы алаңқайды 150 адам сыятындай етіп кеңейтіп, патриоттық бағытта шаралар өткізетін орынға айналдыруға болады. Осы аралыққа тиіп тұрған Хан тоғайын жаңғырту шаралары қолға алынса деген ұсыныс та айтылды.
«Мұның бәрі жұмыс барысында ескеріледі. Ескерткіш жобасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қолдау тапты. Ендігі мәселе істі сәтімен бітіруде», - деп қорытты М.Мұқаев.