27 жел, 2021 сағат 20:12

Оралда бір айлық мөлшердегі қар түсті


Орал қаласында бір айлық мөлшердегі қар түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Жандос Дүйсенғалиевтің мәлім еткеніндей, өткен демалыс күндеріндегі ауа райының қолайсыздығынан (боран мен қар) 2 мыңнан астам абонент электр жарығынсыз қалды. 

Оның сөзіне қарағанда, 25-26 желтоқсан күндері электр желілеріндегі апаттар бойынша 100-ден астам өтінім түсті. 

Жауған қардың көптігінен негізінен әуе желілері үзілді. «Құрылысшы», «Курени» шағынаудандары мен Зачаган кентінде 8 бригада 10 техникамен жұмыс жасады.

Қар тазарту жұмыстарына 115 автотехника, 250 жұмысшы жұмылдырылды. Бір жарым тәулік ішінде қаладан 10 мың текше метр, ал қар жауу басталғаннан бері барлығы 25 150 текше метр қар шығарылды. 

Қалада бір күнде бір айлық мөлшердегі қар түсіп, биіктігі 15 сантиметрге жетті.

Қар тазарту жұмыстары одан әрі жалғасуда.

«Оған қоса өткен демалыс күндері қаланың бірнеше ауданында 15 700 абонент сусыз қалды. Жөндеу жұмыстары нәтижесінде су беру тез қалпына келтірілді», деді Дүйсенғалиев.