25 қыр, 2020 сағат 09:28

Оралда анасының қарауынсыз қалған үш қыз бала ауруханаға түсті

Оралда анасының қарауынсыз қалған үш қыз бала ауруханаға түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, облыстық көпбейінді балалар ауруханасына 4, 1,2 жасар және 1 айлық сәби кеше кешкісін жеткізілген.

Полиция инспекторларының сөзіне қарағанда, оларды көршілері шақырып, үшеуінің ересектердің қарауынсыз қалғанын хабарлаған. 

Аурухана бас дәрігерінің орынбасары Юлия Горячеваның айтуынша, балалар қанағаттанарлық жағдайда түскен, ешқандай ауру белгілері байқалмаған. Бәрі де таза, жақсы киінген. Бір айлық сәбидің таза памперсі болған. Ол 1,5-2 сағаттай ашыққан. 

Аталған отбасы балалар ауруханасына бұрыннан белгілі. Осындай оқиға бұдан төрт жыл бұрын болған еді. Онда да анасы қызын қараусыз қалдырып, көршілері полицияға хабарлаған болатын. Кейін анасы қамқоршылық органының рұқсатымен сәбиін қайта алып кеткен еді. Бұл жолы ол ауруханаға әлі хабарласқан жоқ. 

Нұсқаулыққа сәйкес екі кішкентай қызды бөбектер үйіне, үлкенін қабылдау-тарату орнына жібереді. Егер анасы келсе, оған қыздары қамқоршылық органының келісімімен қайтарылады.