Орал қаласында еріктілер бүгін 40 мың медициналық масканы тегін таратты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың қолдауымен «Жақыныңа жанашыр бол! Маска тағайық!» шарасы аясында үлестірілген әр қораптың ішінде 3 дана медициналық маска бар.
Шаһардың волонтер қыз-жігіттері 23 шілде күні «Жасыл ел» штабында жиналып, 40 мың масканы қабылдап алды. Арнайы қорғаныш киімін киген еріктілердің бір бөлігі маскаларды шағын қораптарға салса, екінші топ алдын ала дайындалған арнайы көліктерге тиеді.
«Орал жастары» қозғалысының волонтері Дулат Жүсіпқалиевтің айтуынша, әркім коронавирус қатерінің сейілмегенін жете түсініп, қорғану құралдарының инфекцияның таралуын азайтуға септігін тигізетінін ұғынуы маңызды.
«Карантин уақытында, өкінішке қарай, кейбір азаматтар қарапайым сақтық шараларын ескермейді. Қоғамдық орындарда, көшелерде серуендеу кезінде медициналық маска тақпайды, арақашықтықты сақтамайды. Сондықтан түрлі себептермен бетпердесіз жүрген қала тұрғындарына еріктілер сақтық шараларын еске сала отырып, медициналық маскалар мен үнпарақтар ұсынды. Мұндай жұмыстар облыстың барлық аудандарында жүргізілуде», деді Д.Жүсіпқалиев.
Шараға 150-ден астам «Жасыл ел» сарбаздары, «Орал жастары», «Ақжайық жастары» волонтерлері атсалысты.