03 қаз, 2017 сағат 17:20

Оңтүстік жастары ұлттық құндылық мәселесін талқылады

«Қазақстан КВН Одағының» президенті Есен Елеукен Оңтүстік Қазақстан облысының жастарымен кездесті. Облыстық «Жастар ресурстық орталығында» өткен басқосуға өңірдің 14 аудан, қалаларынан 100-ден астам жастар қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жастар үшін көптен күткен кездесу Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жастар арасында кеңінен насихаттау мен жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен жауапкершілікті, жаңашылдықты сіңдіру мақсатында ұйымдастырылды. Жиында «Қазақстан КВН Одағының» президенті Есен Елеукен студенттер мен жас мамандарды ұлттық құндылықты сақтауға, өз елінің патриоты болуға шақырды.

«Ұлттық құндылықтарды келесі ұрпаққа жеткізу үшін біз өзіміздің ұлттық кодымызды сақтауымыз керек. Ұлттық кодымызды сақтау үшін біз өзіміздің мәдени, тарихи құндылықтарымызды дамыта отырып, әлемнің жақсы қаситеттерін бойымызға сіңіруіміз керек. Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен. Президенттің ой-пікірлері бабалардың ұлағатымен астасып жатыр. Аталарымыз ұлы дала мен ұлы мәдениетті мұра етті. Ол - жалпыға ортақ құндылық», - деді «Қазақстан КВН Одағының» президенті.

Өз кезегінде жастар да маңызды мақаланы қолдайтындықтарын жеткізіп, ондағы мәселелерге байланысты  ұсыныстарын ортаға салды. Көпшілік алдында сөз сөйлегендер рухани кемел ел болу - Елбасы арманы, ал мәдениет жаңғырып, ой-өрісті кеңейту - игі бастама деген пікірлерін білдірді. Ендеше Елбасының жастарға серпіліс беруі келешекке қамданудың әрекеті деп ой түйген жастар ауылдарда аталмыш кездесуді жалғастыруға келісті.