Осы аптада Оңтүстік Корея Премьер-министрінің орынбасары, Білім министрі Ли Чжун Сик Орталық Азияға сапары аясында Қазақстан мен Өзбекстанда болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Yonhap агенттігінің мәліметінше, бұл сапар Оңтүстік Корея мен еліміз арасында дипломатиялық қатынастардың орнауының 25 жылдығына, сондай-ақ этникалық корейлердің қоныстануының 80 жылдығына орайластырылып жасалмақ.
Ли Чжун Сиктың сапары төрт күнге жалғасады деп күтілуде. Ол екі елдің жоғары лауазымды шенеуніктерімен келіссөздер жүргізіп, стратегиялық серіктестік қатынастарды нығайту мәселелерін талқыламақ.
Сонымен қатар Премьер-министрдің орынбасары Қазақстан мен Өзбекстанда өмір сүріп жатқан корей халқының өкілдерімен кездеседі.
Қазақстан мен Өзбекстан сәйкесінше 100 мың және 180 мың этникалық корейлердің туған жері болып табылады.
«19-ғасырдың соңында кедейшілікке тап болған корей фермерлері Орталық Азия өңірлеріне қоныс аудара бастады, ал кейіннен, оларға 1910-1945 жылдары Жапонияның отарлық басқаруына қарсы тұрған, тәуелсіздік үшін күрескен кейбір адамдар қосылды. Мұнымен қоса, 1937 жылы Иосиф Сталиннің бұйрығымен Сібірде тұрып жатқан корейлер де Орталық Азияға жаппай жер аударылды»,-деп жазады агенттік.