03 қар, 2017 сағат 20:56

Оңтүстік Қазақстан жігіттерінің сұлтаны анықталды

Оңтүстік Қазақстан облысында «Жігіт сұлтаны-2017» байқауы өтті. Облыстық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұйымдастырған шараға аудан-қалалардан 14 үміткер қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған байқауда сыры мен сымбаты, бойы мен ойы келіскен, сегіз қырлы бір сырлы, сайдың тасындай жігіттер бағын сынады. Үміткерлер «ширату» кезеңінде үй шаруасына ептіліктерін сынап, жан-жақтылығын байқатты.

Кейін Шәмші Қалдаяқов  атындағы филармонияда сайыстың екінші кезеңіне қатысты. Онда сайысқа бел буып, талаптың тұлпарына мініп келген жігіттер 3 бөлім бойынша бақтарын сынады. 

Қазылар алқасы құрамында ақын-сазгер Әбдіқалық Әбдіраймов, «Түркістан» сарайының директор орынбасары, Көкшетау қаласында өткен республикалық «Жігіт сұлтаны-1995» байқауының бас жүлдегері Құрмаш Жылқыбай мен қолданбалы өнер шебері Мұхтар Атахан қазылық етті. 

Байқау қорытындысыда жеңімпаздар анықталып, нәтижесінде Арыс ауданынан келген үміткер  3-ші орынды иеленсе,  отырарлық ер азамат 2-ші орынды жеңіп алды. Ал Сарыағаш ауданынан келген қатысушы 1-ші орынға лайық деп танылса, бас жүлде Ордабасы ауданынан келген сері жігітке бұйырды. Байқаудың барлық қатысушылары мен жүлделі орын иегерлеріне марапаттаулар мен қаржылай сыйлықтар тапсырылды.