Коронавирустың таралуына қарсы күрес шараларын күшейту мақсатында өткен оқу жылының төртінші тоқсаны қашықтан оқыту форматында өтті. Дәл сондай сақтық шараларын әлі де сақтау үшін 2020-2021 жаңа оқы жылы да қашықтан, онлайн оқумен басталды. Осы орайда Қазақстанда екі білім беру платформасы біріктірілетін болды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Daryn.online-ның өкілі Ержан Оңалбаев мәлімдеуінше, келесі айдан бастап «Күнделік» пен Daryn.online платформасы біріктіріледі. Оның айтуынша, екеуіне бір құпиясөзбен кіруге мүмкіндік тумақ.
«Қазіргі кезде Daryn.online мен «Күнделікті» біріктіріп жатыр. Интеграция болады. Қазан айында аяқталады деп отырмыз. Бұл дегеніміз, бір парольмен «Күнделікке» де, Daryn.online платформасына да кіруге болады. Сосын Daryn.online-да тест жасауға болады. Ал тестің нәтижесі «Күнделікке» шығып тұрады», - деді Daryn.online-ның өкілі Ержан Оңалбаев.
Оның айтуынша, қазіргі кезде бір мектепте 4-5 білім беру платформасы қолданылып жатады. Содан әрбір оқушы мен мұғалімге 4-5 логин мен пароль жаттап жүруге тура келеді. Ал екі платформаны біріктіргеннен кейін жұмыс жеңілдей түседі.
Осы орайда көпшілік тарапынан онлайн оқу қашан аяқталатыны, дәстүрлі оқу жүйесіне көшуге қатысты сұрақтар туындайтыны рас. Осы мәселелерге қатысты «Күнделік» ЖШС бас директоры Мұхтар Ілиясов пікір білдірді.
«Карантинге қатысты жағдай реттеледі деп сенемін. Сөйтіп, екінші тоқсанда өзіміз үйренген білім беру арнасына оралатын шығармыз. Негізі бейнебайланыс білім беруге жатпайды. Бұл қосымша құрал ғана. Ал мектепте «тет-а-тет» қарым-қатынас, яғни педагогтың балалармен тікелей қарым-қатынаста болғаны маңызды. Нағыз сапалы білім онлайн емес, ол – офлайн білім», - дейді Ілиясов.
Оның ойынша, дәстүрлі білім беруге көшкеннен кейін кейбір жағдайларда қашықтан оқыту форматын қолдана береді.
Жалпы, қашықтан оқыту әлемдік тәжірибеде бар дүние. Расында, эпидемиологиялық ахуалға қарай, іс жүзінде көптеген мемлкеттер қашықтан оқыту режиіме көшкен. Барлық мемлекеттердегідей біздің елде де техника тапшылығы тек оқушылар арасында ғана емес, мұғалімдер арасында да кездеседі. Ал мұндай мәселелер жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, мектептегі компьютерлерді оқушылар мен мұғалімдерге уақытша пайдалануға беру, қажет болған жағдайда, мектептерге қосымша техника (планшеттер немесе компьютерлер) сатып алып, оларды да уақытша пайдалануға беру мәселелері қарастырылып жатыр.
Сонымен қоса, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов шалғайдағы ауылдық елді мекендерде орналасқан шағын жинақты мектептерде (80-ге жуық бала оқитын) оқытуды дәстүрлі форматта жалғастыру мүмкін екенін ескертті.
Қалай болғанда да, біз әлемдік тәжірибеде бар қашықтан оқыту мен онлайн білім беруден бас тарта алмаймыз. Мектеп оқушыларының білім алуы үшін барлық жағдайды жасауға тырысып, білім беруді тоқтата алмаймыз. Сондықтан елімізде, оның ішінде білім саласында қабылданып жатқан шаралар мен шешімдер қашанда оң нәтиже береді деп күтеміз.
Естеріңізге сала кетейік, Daryn.online мен «Күнделікті» біріктіріліп жатыр. Интеграция болады. Біріктіру қазан айында аяқталады. Бұл дегеніміз, бір парольмен «Күнделікке» де, Daryn.online платформасына да кіруге болады.