13 шіл, 2020 сағат 15:14

Өмірзақ Шөкеев індеттен көз жұмған жандардың отбасыларына көңіл айтты

Бүгін Түркістан облысында өткен Аза тұту шарасына қатысқан өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандардың отбасыларына көңіл айтты. Аймақ басшысы өз сөзінде өңірдегі Covid-19 індетінің алдын алу, сақтану, шектеу және науқастарды емдеу шаралары қолға алынғанын атап өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Өмірзақ Шөкеев науқастарды емдеу, сауықтыру мекемелерінде төсек-орындар мен дәрі-дәрмек қоры жеткілікті екенін жеткізді. Облыс тұрғындарын қоғамдық орындарда әлеуметтік арақашықтықты сақтап, шектеу шараларын мейлінше ұстануға шақырды.

«Құрметті түркістандықтар! Қадірменді жерлестер! 2020 жылғы 13 шілдені ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустық инфекциядан қаза тапқандарды еске алу – Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Биылғы жылғы коронавирустық инфекция әлем бойынша алапат шығын әкелді. Аталған дерттің салқыны елімізді де айналып өткен жоқ. Соңғы екі-үш айда қаншама отандастарымыз бен жерлестеріміз осы дерттен көз жұмып, қабырғамызды қайыстырып кетті. Біздің мемлекетіміз үшін әрбір адамның өмірі қымбат. Десек те, аты жаман індеттен қаншама отбасы қара жамылып, ұл-қыздары, туған-туыстары қайғы-қасіретке душар болды. Осы ретте мезгілсіз дүниеден өткен марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Қазақта «Тас түскен жеріне - ауыр» деген сөз бар, ендеше бекем болыңыздар! Мен Сіздердің қайғыларыңызға ортақпын», - деді Өмірзақ Естайұлы.