02 қыр, 2020 сағат 12:43

Өмірзақ Шөкеев биыл іске қосылатын жаңа нысандарды аралады

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс орталығындағы әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтерген жаңа нысандарды аралап, құрылыс барысын бақылады. Түркістан қаласында биыл жыл соңына дейін 15 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аймақ басшысы алдымен Конгресс орталығы мен Оқушылар сарайын және стадионның құрылыс жұмыстарын аралап шықты. Бұл ғимараттарда құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Бүгінде жиһаздары қойылып, абаттандыру және газонды толықтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, рухани-мәдени орталығындағы 4 нысанның да құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Драма театрда бүгінгі таңда сыртқы және ішкі әрлеу, инженерлік желілерін монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарына 150 адам жұмылдырылған. Мәдени ошақтың жиһаздары жасақталып, заманауи театрлық құралдары орнатылмақ. Ал, Ұлы дала елі орталығы мен Қ.А.Яссауи мұражайында сыртқы қас бетін қаптау, инженерлік жүйелер, ішкі әрлеу жұмыстары қолға алынған. Бұдан өзге, ғылыми-әмбебап кітапханасында сыртқы рамаларын орнату, темір конструкциясын монтаждау және бетондау жұмыстары, витраждар орнату мен ішкі әрлеу жұмыстары жалғасуда. Мұнда 50 адам жұмыспен қамтылып отыр. 

Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев құрылыс басында жауапты басшыларға жұмысты кестеге сай аяқтап, ғимараттарды тездетіп пайдалануға беруді тапсырды. 

Жалпы, Түркістан облысы бойынша құрылыс жұмыстарына 9000-нан астам адам жұмылдырылған. Құрылыс алаңына айналған Түркістан қаласында 4000-нан астам жұмысшы еңбектенуде. Олардың барлық еңбек жағдайы мен сақтық шаралары қатаң қадағаланады.