18 қаз, 2016 сағат 11:10

Өмірде де, өлеңде де қаһарман

Компартия тарап, Кеңес өкіметі құлап, тәуелсіздікке қолымыз жеткен сонау тұста ақын, халық жазушысы Хамит Ерғалиевке бір тілші келіп:

– Сіз «партия мен халық біртұтас» дейтін дәуірде «Біз де бүгін вахтадамыз үш есе, Ақындардың шамы түнде сөнбейді, Өлеңім де партияның мүшесі, Партиялық поэзия сөйлейді» деп жырладыңыз. Ендігі жерде өз партиялылығыңыз туралы қандай пікірдесіз? – деген қитұрқылау сұрақ қойғанда:

– Мен әлемді фашизмнен аман сақтап қалмақ болған компартияға қардай бораған оқтың астында, соғыста қабылдандым. Ал кейінгі басынан шіріген балықтың өлі денесінен мені іздеп таба алмайсыз. Өз басым енді ешқандай партияға сенбеймін! – деп бұлтармай жауап берген екен.

Одан әрі қарай: «Азап-сорды бақ-дәулет деп, қараңғыны жарық деп, қылмыс қылуды қырағылық деп, ана тілін ұмытуды сауаттылық деп, бәрін керісінше құптап, әбден есеңгіреп қалған халықтың тым болмаса аздап ақыл-есін жинағанын көрсе, біздің ұрпаққа сол да жетіп жатыр. Біз әлі ұлт болып әрекет қылуды ұмытқан күйдеміз», – деп өз көзқарасын ашып айтқан.

Қашан да хас батырдың қылышындай қайраулы тұратын қайран Хамаң бұл жерде де қиып түскен! Бұл жауаптан бері жиырма бес жыл өтті, ал біз болсақ ана тілін ұмытуды сауаттылық деп әлі жүрміз!

Әдебиет әлемінде ілтипатпен «Хамаң» атанған қайталанбас ақын, қазақ поэзия­­сының классигі Хамит Ерғалиев туралы айту да, жазу да оңай емес. Бұл жерде, әсіресе, оның шырғалаңға толы тағдырының айнасындай эпикалық кең құлашты, терең толғамды шығармаларын тілге тиек ету үшін алдымен оның өмір жолына үңілу керек болары сөзсіз.

1987 жылы Атырау облысында Фариза апай жол-жөнекей көз ұшында бұлдырай қарауытып көрінген ескі жұртты көрсетіп: «Анау жатқан «Ерғали күтірі» деген жер, Хамаңның туған ауылының орны. Әкесі атақты бай болған екен» дегені есімде қалып қойыпты. «Күтір» деген шамасы «хутор» деген сөзден шыққан болуы керек.

Бәйбішеден туып, уызында жарыған Хамит ақынның азан шақырып қойған толық аты – Ғабдолхамит. Арғы аталары­нан ақындық дарыған бала алты жасынан «құланның қодығы, ботаның бодығы» деп ұйқастыра бастапты. 10 жасында әкесінің малын кедей-кепшіктер тәркілемей-ақ бөлісіп алады. Ерғали өзі тоқалымен, бала-шағасымен жер аударылады да, жолшыбай қамауға алынып, Текенің түрмесінде қапаста жатып, қаза болады. Ал бәйбішесі Бағдагүл «талақ қағазын» алып, сүт кенжесімен бірге елде қалған. Бірақ болашақ ақынға «бай-құлақтың тұқымы», «халық жауының баласы» деген сол замандағы жексұрын, сүйкімсіз аттар бірден жамалады. Сөйтіп, алдымен жәдитше сауат ашып, артынан латын қарпін игерген Хамиттың оқуға деген ынтасы тасқа соғыла береді. Шаншудай қадалған сұқ көздер мен түрпідей тиген суық сөздердің сызына шыдамай, мектеп-интернаттың 5-класын аяқтамай жатып, оқудан шығуға мәжбүр болады. Өз сөзімен айтсақ:

«Астымда көк тайыммен зарлап шабам,Сиынам аруағыңа Қойыс бабам», деген удай ащы өлеңмен «уыз дәурен­­ді он бір жасында аяқтап», есеюге ерте бет бұрады. Бірер жыл бедерінде шешесін көндіріп, Қамысқаладан Үйшік қаласына көшіп, ФЗУ-ға түседі. ФЗУ-дан ол «плотник-столяр» деген мамандық алып шығады. 16 жасында оқу бітірген Хамаңды мамандық бойынша жұмысқа алынғанға дейін бүкіл курсымен бірге теңіз жағасындағы портта жылға жақын жүкшілікке салады. Атпал азаматтардың өзінің белін қайыстыратын бұл жүкшілік жұмыс әлі қабырғасы қатпаған жас балаға ауыр тиеді. Содан Хамаң пароходпен Текеге барып, Орал пединституты жанын­дағы рабфакқа оқуға қабылданады. «Бұл сапарға бет алғанда жасым да 17-ге толған-ды» дейді Хамаң.

Бұл 1933 жыл еді. Елде әлі ашаршылық. Карточкамен бірде қара нан, бірде кебек талқан жеп жүрген бозбала Хамаң әлсіреп, безгек ауруына ұшырайды. Сөйтіп,безгектен безілдеп-селкілдеп жүріп, ара-арасында рабфактың «Жас қалам» атты қабырға газетін шығарады, оған өзінің де өлеңдерін жариялап, соңына «Редактор Х.Ерғалиев» деп қол қояды. Бірде пединституттың мұғалімі Қажым Жұмалиев қабырға газетінен жас Хамиттің Кировтың қазасына байланысты жазған:

Киров сынды көсемді,

Атып дұшпан тастаған.

Қайғысынан қамығып,

Жас балапан қақсаған, –

деген өлеңін оқып, елең еткен екен. Содан Хамаңды директордың бөлмесіне шақыртып алып, танысып, «Ақын екенсің!» – деп арқасынан қағып, институттың әдеби үйірмесіне тартады. Бұған қанаттанып, қатты арқаланған ағамыз: «Біздің көркем сөз дүниесіне енуіміз осыдан басталды» деп жазады.

1936 жылы Орал облыстық «Екпін­ді құрылыс» газетінде Октябрь рево­люциясына арналған «Тұңғыш» деген өлеңі жарқ етіп жарияланғанда, ол төбесі көкке жеткендей қатты қуанады. Бұл Хамаңның 20 жасындағы поэзия әлеміне аттаған тұңғыш қадамы еді. Бай­ларды тап ретінде жою хақында «Ұлы кек» деген оқиғалы үлкен поэма жазып, Сәкен Сейфуллин басқарып отырған «Әдебиет майданы» (бүгінгі «Жұлдыз») журналына жолдайды. Ол жарияланбайды. «Бірақ, «менің еңбегімді Сәкеннің өзі оқыды-ау?!» деп ойлаудың өзі мен үшін аз қуаныш емес еді» дейді Хамаң.

Артынша атышулы 1937 жыл да келіп қалады.Жас ақын Хамит Ерғалиев Оралда Қасым Аманжолов, Жәрдем Тілеков­термен енді ғана танысып, араласа бастаған тұсы еді. Бір күні 3-курста оқып жүрген ком­сомолдың бюро мүшесі ол, есеп беру-сайлау жиналысында президиумда отырып сөз сұрап алып, соңында өзінің «ірі феодалдың баласы» екенін ай­тып салады.

Әлгінде ғана оның әр сөзіне дуылдап қол соғып отырғандар сілтідей тынып, артынша «бөрінің бөлтірігі», «комсомолға ену үшін жақсы оқып, әдейі белсенді болған жау» деген айыптаулар қарша борап, сол күні оны дереу комсомолдан шығарып тынады, ертеңіне қалалық комитет комсомол билетін тартып алады. Кәсіподақ қатарынан да аласталады. Оған қоса, үстінен жедел арыз түседі. «Әкесі – бай, табынғаны – халық жауы Сәкен, демек, мұның жаумен тығыз байланысы болған, оған қоса, 7 қызға жәбір көрсеткен», т.с.с. Әрине, мұның бәрі жала еді, ақ-қарасын анықтамай жас дарынды оқудан шығарып қоя береді… «Есек сүрінбейтін сүрлеуде тұлпар жығылған» деген осы.

Хамаң елге қайтып келіп, Үйшіктегі төрт жылдық Мұнай рабфагының үшінші курсына қабылданып, екі жылдан соң КазПИ-ге оқуға түскен.

Сол кезде Қызыл Армияға шақыры­лып, атты әскер полкына алынады, бірақ «сенімсіз бай баласы» деген сыбыс мұнда да жетіп, соғыстың алғашқы жыл­дарында қанша сұранғанымен майданға жіберілмейді.

Соғыстың басында Түрікменстанның Мары қаласында эскадрон басқарып жүрген Хамаңды майданға жіберудің орнына, Алматыда резервте тұрған запас­тағы полкке эскадрон командирінің орынбасары етіп жібереді. Біздің Хамаң неше қыздың ішінен таңдап-ұнатқан Гүләнуар қызды бірден өзіне қаратпақ болып, әрі өзінің орысша сауаттылығын білдіру үшін: «Будь здорова, дочь Востока» деп хат жазады.Артынша сол қыздан «Өтінем, бұдан кейін қазақша жазшы» деген жауап алады. Екеуінің арасында махаббат оты тұтанып, үйленбекке бел буады. Әне-міне соғысқа аттанбақ болып отырған жігітке тұрмысқа шығуға бел байлаған Гүләнуар шешеміздің сондағы шешімін ерлік демей көріңіз! Махаббат бар жерде әрқашан ерлікке орын бар!

Бірақ, аяқ-астынан той жасауға ақша қайда? Сол кезде атты әскердегі офи­церлерге Жаңа жыл қарсаңында жалақы орнына шошқа таратылады. Өз үлес­і­не тиген алты айлық торайды ақын аға­мыз қалыңдығының дос-құрбысы әнші Рахия Қойшыбаеваның шешесіне базар­да сатқызады. Соның ақшасына азын-аулақ үйлену тойын жасайды. Байлауға кел­мейтін ол доңыз неме базарда мойын жібі сыпы­рылып, қашып кетіп, бүкіл жұрт болып қуалап, шулап жүріп, әзер ұстағаны бір әңгіме! Бұл оқиғаны ақын өз жырында бас­тан өткен қоғам кеселі ретінде шенеп өтеді:

Ешкім, бәлкім, менен үлгі үйренбес,

Ешкім менше торай сойып үйленбес,

Төсегімнен әкетпесе игі деп,

Ешкім менше үрейлене үйге енбес.

«Ешкім менше үрейлене үйге енбес»… Осы бір шумақта жазықсыз жазаға толы сол бір заманның ащы шындығы бейне­ленген.

Қаһарман Қасым Қайсенов: «Хамит өмірде де қаһарман, поэзияда да қаһарман, соғыста да қаһарман болды» деп жазған. Әнеки, батырды батыр қалай танып, бағалай білген! Хамит Ерғалиев – өмірде бетің бар, жүзің бар демей, бұлтақтамай, білтелемей сөйлейтін қандай турашыл болса, өлеңде де шындықты шырқыратып айта білген алдаспан ақын.

Қайтпас қайсар Хамаң 1945 жылдың қақаған қаңтарында Венгрияда ауыр жараланып, бірнеше қабырғасынан айырылып, жарты өкпемен, көк етіндегі темір жарықшақпен, контузиямен 13 госпитальдан өтіп барып, ІІ топтағы мүгедек атанып, елге оралған.

Айтпақшы, Хамаң майданнан келгеннен кейін, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне орналасқан бетте әскери комиссариатқа телефон шалып, «Қара жұмыс істейтін жүкші емеспін, аяқ-қолым сау, басым аман, жасым 29-да, бұдан әрі мүгедек болмаймын! Рахмет!» деп өзін екінші топтағы мүгедектер қатарынан шығартып тастайды.

Оның аға газетте очеркист болып жүрген жылдары өте жемісті болды. Ақын ретінде қалыптасып, үлкен-кішіге мойындатты. Ол бұл кезде «Әке сыры» (1947 жыл), «Үлкен жолдың үстінде» (1949 жыл), «Біздің ауылдың қызы» (1950 жыл) деген түйдек-түйдек поэмалар жазып, жеке кітап етіп шығарды. 1953 жылы «Сенің өзенің» поэмасы жарық көрді. Осы аталған 4 поэма да – эпикалық екпінмен жазылған, қазақ поэзиясында ойып орын алған көркемдігі аса жоғары туындылар болып бағаланды. Бұған ұлы ақын Қасым Аманжолов «Біздің ауылдың қызы» поэмасы туралы 1952 жылы жазған ақжолтай мақаласында авторын «от қанатты ойы бар ақын» деп атап:

Құнаныңда кекілге шоқ таққансың,

Дөненіңде топтан озып шапқансың.

Бесті бол да бас бәйгені ала бер,

Дұшпан күйіп, достарың бір мақтан­сын! – деп бір шумақ өлеңмен аяқ­тағаны бұған дәлел. Мұның өзі сол кездегі отыз­дың ортасындағы ақын үшін биік баға.

Хамаңды мұның алдында, 1950 жылы Сәбит Мұқанов шақырып алып, Жазушылар одағына қабылдатып, Одаққа қызметін ауыстыртады. Келесі жылы Мәскеуде өткен жас жазушылардың бүкілодақтық ІІ кеңесіне қатысып, 15 одақ­тас республикадан және Мәскеуден Фадеев, Железнов сияқты қаламдас жақын достар тапты. Солардың аудармасымен әрі желеп-жебеуімен 1953 жылы Хамит ағаның «Біздің ауылдың қызы» поэмасы Сталиндік сыйлыққа (кейін КСРО Мемлекеттік сыйлығы болып өзгертілген) ұсынылады.

Осы кезде «Правда», «Известия», «Труд», «Комсомольская правда», «Лите­ратурная газета» газеттерінің біздегі тілші­лері Хамаңның 8 жандық отбасы сыймай отырған бір жарым бөлмелік пәтеріне бірінен кейін бірі қаптап келіп, сұхбат алып, жаңа костюм кигізіп, суретке түсіріп, әбігер болады. Бәрі де «бір жақсылық болайын деп тұр, күтіңіз» десіп, қол қысысып кетеді. Бірақ, дайындалған жар­лыққа қол қоюға бір күн қалғанда Ст­алиннің өзі қайтыс болып кетіп, бұл сыйлық Хамаңа бұйырмай қалады.

Хамит ақын 1958 жылы Жазушылар одағынан Көркем әдебиет баспасына редакция меңгерушісі болып ауысады. Онда келе сала қол астындағы қырық шақты адамды тік тұрғызып, Хамаң әскери қатал тәртіппен жаңаша жұмыс жүргізеді, көп өзгеріс енгізіп, халтураға қарсы күрес ашады.

Ғафу Қайырбековтің:

Басқарған бізді кеше Жаппар ақын,

Хамит кеп быт-шыт қылды аппаратын, – деп әзілдегені осы тұста. Мұндай шұғыл өз­геріс, серпіліс ұйықтап жүргендер мен жетек­ке ергіштерге, тек нұсқаумен ғана жү­ріп-тұратын, шеңберден шықпайтын «құн­дақтағы адамдарға» қайдан ұнасын? Тағы да партиялығы қаралып, тағы да «ірі фео­далдың баласы» екені сөз бола берген соң Хамаң 1959 жылы қызметті біржолата қо­йып, бірыңғай шығармашылыққа ауысады.

Жиырма шақты ірі-ірі поэма жазған ақын поэзиясының асқар шыңы, сөз жоқ, «Құрманғазы» (1962) поэмасы болып қала берері сөзсіз. Хамит Ерғалиевтің Құр­манғазы күйлерінің бүкіл құпия сырларын жырмен бейнелеп, тіпті, кейбір тұсында аса батыл экспериментке барып, «Айжан қыз» күйін өлеңге айналдырып жібергенін көреміз: Тақ күні тудым, Бала­паны қудың, Өзім болдым. Айдын… Көлге төсім шайдым.Ұштым, кеттім, үстін көктің, Аралап астым, Әніме бастым.

Бұл фрагменттен мен жұмбақ ақын Жұмекен Нәжімеденовтің «Күй кітабының» асыл бастауын көремін. Сондай-ақ, аға ақын хор капелласы орындайтын «Көбік шашқан» күйіне Әбділда Тәжібаевтың жазған өлеңі де Хамаңның жоғарыдағы «Айжан қызынан» кейін дүниеге келгенін айтып өткен жөн шығар.

«Құрманғазы» поэмасында мынадай да шумақ бар:

Байқасам бал жинаған арадаймын,

Армансыз қазақ жерін аралаймын.

Бәлкім, мен бір ауылдан

шалқып өтсем,

Бір тұста жүрегімді жаралаймын.

Көрдіңіз бе, сол заманның өзінде ақын өз жүрегі жараланғанын ашып айтқан. Қазақ жерінің бір тұстарында болып жатқан зобалаң ба, нәубет пе, бәлкім, Семей полигоны, бәлкім, Арал, мүмкін бодандықтың құрбаны болып бара жатқан тіліміз бен діліміз бе, әйтеуір халық басына түскен зор қайғы-қасіретті тұспалдап отыр! Көрегендік пе? Көрегендік! Ерлік пе? Ерлік! Ақын ерлігі… Қайраткер тұлға, қайсар азамат ерлігі… Хамаңның «Халық жазушысы» деген ат үркетін атақты бекер иеленбегеніне көзің тағы бір жете түседі.

Ұлы Мұхтар Әуезов өмірден өтерінің аз-ақ алдында «Құрманғазы» поэмасының жалғасын оқып шығып: «Баяғы пікірім арықтаған жоқ, семірді. Алдымда шетелдерге сапарларым тұр. Содан оралысымен сенің осы дастаның туралы кеңінен толғап жазбақ ойым бар. Дастаныңдай өмір кеш!» деп құшақтаған екен.

Арты жетті ағызып шапқан аттай,

Көбік бейне көк тасқа шаққан оттай

Шашырайды жан-жаққа. Ай астында

Жердегілер құлайды шатқалақтай.

Жапырылды жағалай майда құрақ,

Аруананың ботасы ойда аңырап,

Қатын-бала бақырған, ит ұлыған,

Ақ толқынның ішінде қой жамырап!

Уа, сұмдық-ай, ер жүрек шошынады…

Тарқатып та болмаған шашын әлі,

Ақ көбіктің ішінде қарауытып,

Өлген сұлу бұрымы шашылады.

Неткен сұрапыл сурет! Құрманғазы атамыздың «Көбік шашқан» күйін жанды картинаға айналдырып, көз алдымызға елестетіп қойған жоқ па? Ұлы Әуезов қызықса қызығарлықтай шығарма емес пе?

Ақынның өзі: «…айтылуға тиісті бір шындық бар. Мен басында Құрманғазыны емес, Махамбетті жазбақшы едім. Қажым Жұмалиев «Ол туралы роман жазып жүрмін, поэмасын да өзім жазамын» деген соң алдын орай алмадым», дейді. Осы поэмадағы:

Ауруға қорғасынның уын беріп,

Жасайды тәуіптері оқтан дәрі! –

деген жолдарды мен нағыз Шекспирлік мектептің жемісі деп айтар едім.

Алыпсатар дырау болған заманда,

Жаттанды сөз жырау болған заманда,

Елдің тілін тірілтуді жаттардан

Жалбарынып сұрау болған заманда…

Бұл – Хамит Ерғалиевтің «Сонеттер» жинағынан алынған үзінді. Қандай көкейкесті ойлар!

«Сонеттер» кітабымды бүкіл 60 жыл­дық шығармашылық өмірімнің маңдай алдына апарып қояр едім, – депті Хамаң. – Шекспир сонеттерінің кітабын қазақ тілінде шығару үшін аттай 6 жылымды жұмсадым.Одан кейін 14 жыл ойға ораты­лып қалдым. «ІІІ Ричард», «Гамлет» тра­гедияларын, «Дуалы түнгі думан» коме­диясын аудардым». Осы жерде айта кете­йін – Хамаңның үйіндегі Гүләнуар шеше­міз оған: «Шекспирің біткенше шеке­мізді жарарсың», деп әзілдейді екен. Бірақ, ешкімнің шекесін жармай-ақ бұл жұ­мыс жемісін берген сияқты. Осы тұста ақын­ның түсіне қайта-қайта Шекспир кіреді.

Хамаң өзінің мағыналы өмірінде қанша ұйықтап, қанша түс көргенін айта алмаспыз, ал оның шығармаларынан менің көзіме шалынғаны сол түстердің екеуі ғана. Ғұмырында оған екі адам аян берген екен: бірінде соғыста өзін ажалдан алып қалған қарулас досы Петр Мардак, екіншісінде – өзін өлмейтін өмірге жетелеген қаламдасы Вильям Шекспир!

Ер мінезді Хамаң бала мінезді де еді. Бірде ұлы Мұрат бес-алты жасар баласын ертіп зоопаркке барады. Тор ішіндегі арыстанды бірінші рет көрген бала айналшықтап ұзақ қарайды. «Жүрейік, неге таңданасың», – деген әкесіне, «Папа, папа, мына арыстан атамнан аумайды», – дейді. Немересінің бұл теңеуіне Хамаң ренжудің орнына, санын шапалақтап мәз болыпты. Сәби дұрыс байқапты, шынында да Хамаң адамның да, ақынның да арыстаны еді.

Құрманғазының қабірін тауып, кесенесін тұрғызуға ықпал еткен, Ақан серінің өртеніп кеткен ағаш бейітінің орнына қыштан мазар салуға қаржы бөлгізген, Кисловодскіде демалғанда Сырбай ағамен бірге барып, өкімет басшысы Ж.Тәшеновке ұсыныс жасап, «Ессентуки-Қазақстан» санаторийін салғызған…т.б. санамалай берсек, Хамаң­ның ұлтқа жасаған жақсылығы жеткілікті. Бәрінен бұрын, Хамаңның ең ұлы жақсылығы – өзінің өлмейтін жыр-дастандарын мұраға қалдырғаны дер едім.

Әрбір арналы өзенде екі жағалау болатыны анық. Арналы, арқалы, аруақты ақын Хамит Ерғалиев атында да екі жағалау бар: бір жағалау – Атырау қаласында болса, екіншісі – Алматыда. Ал Хамаң поэзиясының асау толқындары ұлы даладағы бүкіл қазақтың көңілін кернеп, тамырын бойлап, баяғыша буырқанып ағып жатыр!

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, 

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

"Егмен Қазақстан" газеті