Өмірбек Бекалы осыдан бір ай бұрын жер қойнына тапсырылған әкесінің қазасы туралы бір-екі күн бұрын ғана естіген.
- Кеше (18 қазан - ред.) кіші қызым Айшаның атынан Қытайда тұратын қарындасыма хабарластым. Wechat-қа (Қытайда сөйлесуге және жазуға арналған әлеуметтік желі) "Атам мен апам аман ба? Олардың жағдайы қалай?" деп жаздым. Ал ар жақтан "Атам 18.09 күні" деп "ұйықтап жатқан" суретін жіберді. Түнімен ұйықтай алмай бүгін өз атымнан қайта хабарласып едім, қарындасым растады. Оның нақты қай күні қандай жағдайда қаза болғаны туралы ештеңе айтпады, - дейді ол.
Өмірбек Бекалы - Қытайдағы саяси лагерлер жайлы ашық айтып жүрген, өзі сол лагерьде болған этникалық қазақтардың бірі.
Ол 2017 жылы наурыз айында Қытайдың Үрімжі қаласына іссапармен барып, кейін Тұрфан облысындағы ата-анасының үйіне барған жерінде ұсталған болатын. "Жеті ай он күн абақтыда, онан кейін 20 күн саяси үйрену лагерінде отырғанын" айтқан ол Қытайдағы саяси үйрену лагерінен шыққан алғашқы қазақ ретінде Азаттыққа сұхбат берген. Сол сұхбатында "Қытайда қалған ата-анасының өміріне қауіп төнуі мүмкін" екенін айтып:
- Саяси тәрбие орталығынан босап шыққаннан кейін Қарамай аудандық ішкі істер бөліміне келдім. Ол жерде визамды он бес күнге ұзартып, осы күндер аралығында Қытайдан шығып кете алатынымды ескертті. Өздерінің заңсыз ұстағандарын айтып кешірім сұрады. Мен визамды бір айға ұзартуларын сұрап, Пекинге дейін барып арызданатынымды, құқығымның тапталғанын айттым. Олар "Арыздануға қақыңыз бар. Оған қарсы емеспіз. Бірақ онан кейін Қытайға қайтып кіре алмайсыз. Туыс-туғандарыңыздың барлығы осында тұратынын естен шығармаңыз" деп ашық ескертті. Кейін әкем де "ертең олай-бұлай болып кетсем сүйегімді көре алмай қаласың" деп рұқсатын бермеді, - деген еді.
"ЛАГЕРДЕГІ АЗАПТАУДАН ЖЕР АСТЫНА КІРГЕН АРТЫҚ"
"Әкесіне топырақ салмақ түгілі қаралы хабардың өзін кеш естігенін" айтқан Өмірбек "бір жағынан бұл дұрыс болды ма деймін. Өйткені жасы жеткен кәрі адамның лагердегі азаптауды көргенше жердің астына кіріп, Аллаһтың алдында тыныш жатқаны артық. Себебі, ол жақтағы(саяси үйрену лагерьді - ред.) көзіммен көріп, басымнан өткіздім" дейді.
Өмірбектің үлкен ағасы Әбдірахман Бекалыны 2017 жылы сәуір айында, әкесі Бекалы Ибрахимді 2018 жылы сәуір айының 24-і күні ұстаған. Онан кейін 70 жастағы анасы Әмина мен қарындасы Адиланы да саяси үйрену лагеріне қамаған.
- Олардың "басты кінәсі" – 2010 жылы Қазақстанға келгені, одан кейінгі "кінәсі" - менің басымнан өткергендерімді Қазақстанға келіп жайып салғаным, - дейді Бекалы.
Өмірбектің әкесі Бекалы Ибрахим Тұрфан облысы Пішән ауданында ұзақ уақыт басшылық қызмет істеп, 1997 жылы зейнетке шыққан екен. Отбасында алты бала тәрбиелеген. Балаларының ішінде тек Өмірбек қана Қазақстанға қоныс аударған.
Өмірбек Бекалы Қытайдағы саяси үйрену орталығынан шығып келгеннен кейін Қазақстанда жарты жыл тұрып, белгісіз бір себептермен Стамбулға қоныс аударған.
Ол 2018 жылдың 10 қазан күні АҚШ конгресмендерінің шақыруымен сонда барып "Қытайдағы қазақтардың қысымы және саяси үйрену лагерь" туралы сөйлеуі тиіс болған. Бірақ өзінің айтуы бойынша оған Түркиядағы АҚШ консулдығы виза бермеген және не үшін бермегенін түсіндірмеген.
2017 жылғы сәуір айынан бастап Қытай қазақтары мен ұйғырлар Шыңжаңдағы саяси үйрену орталықтарына қамалып жатқандары туралы алғашқы хабарлар тарады.