Фото: Kp.kz
Бүгін көрнекті ақын, жазушы Олжас Сүлейменов 90 жасқа толып отыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Олжас Сүлейменов – Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері, дипломат әрі түркі әлемінің танымал ойшылдарының бірі. Оның шығармашылығы мен қоғамдық қызметі қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына зор ықпал етті.
Әсіресе қаламгердің «Аз и Я» атты еңбегі ұлттық тарих, тіл және рухани мұра мәселелерін терең зерттеген маңызды туынды ретінде бағаланады. Сондай-ақ ол халықаралық Невада – Семей антиядролық қозғалысының бастамашысы ретінде әлемге танылды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, жазушының шығармашылық мұрасын насихаттау жұмыстары жалғасып жатыр. Бұған дейін қаламгердің қазақ және орыс тілдеріндегі он томдық шығармалар жинағы жарық көрген.
Ал мерейтой аясында жыл соңына дейін «Олжас Сүлейменов. 90 жыл» және «Аз и Я» фотоальбомдарын шығару жоспарланған. Кейін бұл жинақтар еліміздің барлық көпшілік кітапханаларына таратылмақ.
Сонымен қатар республика көлемінде ақынның шығармашылығы мен қоғамдық қызметіне арналған түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Олжас Сүлейменовті 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, оның шығармашылық мұрасы келер ұрпаққа рухани құндылық болып қала беретінін атап өтті.
