Фото:qazaq1913.com
Ғылым болса, мемлекет те қуатты болады. Сол себепті ғылымды дамыту еліміз үшін стратегиялық маңызы бар қадам. Жасампаздық, жаңашылдық, білімпаздық пен ғылымға құштарлық – нағыз озық елге керек басты қасиеттер.Қасым-Жомарт Тоқаев қүрылтай отырысында осы мәселеге арнайы тоқталды. Яғни тұтас қоғам болып ғылымды жан-жақты насихаттауға күш салу мемлекет алдындағы басты міндеттердің бірі.
Осы мақсатта Мемлекет басшысы елеусіз қалып отырған жас ғалымдарымызға спортшылар деңгейінде құрмет көрсету бастамасын көтерді. Президент академиктің спортшылар мен халықаралық ғылым олимпиадаларының жеңімпаздарына деген құрметтің жер мен көктей деп айтқан сөзін негізге алды. Бұдан былай халықаралық деңгейде математика, физика және басқа да ғылыми жетістікке жеткен жастарымыз мемлекет тарапынан ерекше қолдауға ие болады. Дарынды балалар мен олардың ұстаздары әрқашан қолдау бар екенін сезінетін болады.
«Біздің спортшылар олимпиадаларға барып, қарсыластарын ұрып-соғады, мұрнын сындырады, содан кейін елге оралғанда бір топ ел азаматтары оларды әуежайдан қарсы алып, үлкен құрметке бөлейді, пәтер мен көлік сыйлап жатады. Бұл ретте халықаралық аренада еліміздің атын шығарып, ғылыми жарыстарда жеңіске жеткен жастарымызды ешкім әуежайдан қарсы алмайды, елемейді», - деген еді академик Асқар Жұмаділдаев.
Сондықтан ел ішінде балалар мен жасөспірімдер арасында шынайы каһармандарды насихаттау өте маңызды. Жастар білімді әрі дарынды ел азаматтарына қарап бой түзеулері керек. Дүниежүзілік олимпиададағы шахматшы қыздарымыздың жарқын жеңісі үлгі етуге тұрарлық деді Президент.
Жастардың білімге және ғылымға құштарлығын, ынтасын арттыру мақсатында былтыр жоғары білім және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Осы құжат негізінде 2022 жылдан бастап «Жас ғалым» жобасы аясында жыл сайын 1000 грант бөлу, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында жыл сайын 500 ғалымның тағылымдамадан өтуі, 85 ғылыми-зерттеу институтын енгізу, 16 ғылыми ұйымның жабдықтарын жаңғырту сынды ауқымды шаралар жүргізіліп жатыр.
Бөлінетін гранттар есебінен ғалымдардың орташа жалақысы 2 есе өсті. Біздің іргелі зерттеулермен айналысатын жетекші ғалымдарымыз гранттық конкурстарға қарамастан тұрақты қаржыландыруды алатын деңгейге жетіп отыр. Өткен жылдармен салыстырғанда ғалымдардың саны артып келеді. Оның ішінде 46 пайызы жастар.
Аталмыш тұжырымдама ұлттық деңгейдегі қолданбалы мәселелерді шешу үшін ғылымды тартуға бағытталған. Нәтижесінде ғалымдар санын бір жарым есеге арттыру, ғылыми экожүйені жаңғырту, ғылымның нақты сектордағы проблемаларды шешуге қосқан үлесінің артуы, бюрократизация, цифрландыру сынды өзекті сұрақтар шешімін таппақ.
Ғылым саласын одан әрі дамыту мақсатында Министрлікпен «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң жобасы әзірленді. Заң жобасында жас ғалымдарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері көрсетілген. Мысалы олардың тұрғын үй сатып алу немесе үй жағдайын жақсарту құқықтары қарастырылған. Одан бөлек ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын қосылған құн салығынан босату сұрағы да пысықталып жатыр.