16 там, 2019 сағат 14:20

Оқушы оқулықты мектепке тастап кетіп, үйінде электронды нұсқасымен дайындала алады

Білім және ғылым министрлігі мектеп оқушыларына осындай құқық беріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Оқулық мәселесіне қатысты сынды бүгін Мемлекет басшысы да айтты. Оқулықтарымыздағы қателіктердің болуы – тіпті даулы тақырыпқа айналып кетті. Сондықтан, бұл ретте амал-әдісті түпкілікті өзгерту керек. Жалпы, біз тұжырымдаманы өзгерткелі жатырмыз. Кейбір әріптестеріміз айтқандай, оқулық – қосалқы материал деген пікірге өз басым үзілді-кесілді қарсымын! Оқулық – көмекші құрал боп қалса, негізгі құрал не болмақ? Сол себепті, оқулық – біздің оқушыларды дайындауда негізгі құрал болып қала береді. Бұл ретте ауқымды әрі кешенді жұмысты жүргізетінімізді айтқым келеді», - деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Тамыз конференциясында.

Министр өз сөзінде авторлардың, сарапшылардың өзі оқытылатынын атап өтті. Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, оқулықтарға қойылатын талаптар әзірленіп қойған. Жуық арада мұғалімдер бірлестіктерімен ол талаптар талқыланбақ.

«Биыл министрлік «Жеңіл портфель» жобасын жүзеге асырады. Ол туралы айттық. Біз ата-аналарға таңдау бердік. Оқушы мәселен, талап-тілегі болса қағаз оқулықтарын сыныпқа, мектепте тастап кетіп, үйінде электронды оқулықпен дайындала алады. Ең бастысы, министрлік оқулықтардың электронды нұсқаларын пайдалануға құқық береді. Ары қарай ата-аналары өздері шешеді. Сол секілді жұмыс дәптері барлық сыныптарға міндетті болмауы тиіс. Педагогтар ата-аналарды жұмыс дәптерін сатып алуға міндеттемеуі керек», - деді Асхат Аймағамбетов.