Қоғам қайраткері, ғалым, жазушы Мырзатай Жолдасбеков мектеп оқулықтарында қазақ ақындарынан гөрі, орыс декабристерінің төңкерісшіл ұран сөздері басым болғанына ренішін білдірді.
"Үстелдің үстінде шөберемнің кітабы жатыр екен, "Руская литература" дейді, 8-сыныпқа арналған. Бұл оқулықты қандай адам бекіткенін білмеймін және "Мектеп" баспасы шығарған. Іші - толған былық. Баяғы декабристер, Рылеевтің өлеңі жүр, Призывы к свержению власти... Біз соны оқытуымыз керек пе? Мәселен, мына балалардан сұрасам, Мұқағалиді білмейді. Мұқағали "менің үш бақытым бар" дейді. Бірінші бақытым - ол менің ұлтым, екінші бақытым - тілім, үшінші бақытым - Отаным! Өлеңдерін оқысаңыздар, тұтас ұлттың құндылықтарын құрып отыр", - деп атап өтті ғалым бүгін "Нұр Отан" партиясы жанындағы "Мирас" республикалық кеңесінің отырысында.
Оның айтуынша, осы тұрғыда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында ұлт мүддесіне сай келетін келелі мәселелерді атқару маңызды.
"Мен енді ойлаймын, Елбасымыз бізге осындай тапсырма беріп отыр, мұрсат беріп отыр, барлығымыз енді бар күшімізді салып, осы рухани жаңғыру мақаласындағы айтылған мәселелердің барлығын жүзеге асыруымыз керек. "Туған жер" бағдарламасы бәріміздің көкейімізде болды. Бәріңіз мектепте оқыдыңыздар, Сізге өз туған ауылыңыздың қасындағы төбенің өзін оқытқан жоқ, қайдағы бір Бангладештегі, Африкадағы өзенді, Жердің түбіндегі адам білмейтін Америкадағы ауылдарды оқытты. Біз енді "Туған жер" бағдарламасы арқылы осыны қолға алуымыз керек, өйтпесек біз қандай патриот дайындаймыз?! Ұлтқа жанын салатын адамдарды дайындау үшін алдымен туған жерін сүюі керек, ұлтын сүюі керек, өзінің туған халқының тарихын білуі керек және оның әдет-ғұрпын, салтын сақтауы керек деп ойлаймын", - деп түйді сөзін М.Жолдасбеков.