03 қаз, 2017 сағат 13:30

ОҚО экспортқа жаңа тауар түрлерін шығаруды қолға алды

Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері экспортқа жаңа тауар түрлерін шығаруды қолға алды. Жыл басынан бері облыс кәсіпорындарының экспортқа шығарған өнімдерінің құны 700 млн АҚШ долларына жеткен. Бұл туралы өңірдің кәсіпкерлік басқармасының басшылығы мәлімдеді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Осыған дейін оңтүстік өңірінен экспортқа шығатын тауарлар тек азық-түлік, мақта-мата және ауылшаруашылық өнімдері ғана болса, ендігі жерде заманауи технология қолданып өндірілетін өнім түрлері де көбейіп отыр.

Бұл тізімді енді  ортопедиялық құрал-жабдықтар, кілемдер мен жаңаша жасалған плиталар толықтыруда. Дәл қазір Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан және Еуропа елдеріне экспортты ұлғайту мәселесі қаралып отыр. Мәселен, Шымкенттен шығарылатын вакуумдық түтікшелер Еуропада саудаланады. Бұл қазір өңірге біршама жаңа экспорттық тауар түрі болып отыр. Сала мамандарының сөзінше, экспортқа өнім шығаруды өрістетуде мемлекеттік қолдаудың нақты көмегі көп. Қазіргі таңда кәсіпкерлерге «Экспорт шығарушы-2020» бағдарламасына қатысу ұсынылып,  өзге де экспортты қолдау мен өрістетуге бағытталған бағдарламалар жасалып отыр.

«Егер өндіріс орны жаңашылдық тәсілмен өнім өндіріп, ол өнім экспортқа шығатын болса, біз әкімдік тарапынан барлық жағдай жасауға дайынбыз. Сол үшін де бізде арнайы экономикалық аймақ бар. Ол жерде өндірілген өнімдер барлық салық түрінен босатылғандықтан, бастапқы баға төмен болып, экспортқа тиімді бағада саудалауға мүмкіндік туады», - дейді облыстық өнеркәсіп басқармасының бөлімінің басшысы Хикмат Райымбеков.