15 нау, 2018 сағат 09:32

ОҚО-да «зорланған» баланың ісіне қатысты шенеуніктер жұмыстан қуылды

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылында зорланды делінген 7 жасар баланың ісіне қатысты шенеуніктер жұмыстан қуылды. Бұл туралы ОҚО әкімі Шымкентте өткен отырыс кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Сарыағаш ауданы жергілікті полиция қызметінің бастығы Бердалы Оразгелдиев қызметінен босатылды. Идеология бойынша облыс әкімінің орынбасарына, Сарыағаш әкіміне – қатаң сөгіс. Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасы басшысы Исатай Сағындықовқа да сөгіс берілді», - деді Түймебаев.

Бұған дейін қазақстандық қоғам белсенділері мен еріктелер жиналып, жеті жасар баланы Алматыға апарып, тәуелсіз сараптама жасауды ұйымдастырды. Бұл үшін Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы адвокат келіп, жәбірленушіні қорғауына алды. Осылайша 14 наурыз күні кешкісін сағат 20:17-де жәбірленуші бала, әжесі мен әпкесі, ресми өкілі – төртеуі Шымкент теміржол вокзалынан Алматыға пойызбан жүруі тиіс болатын. Бірақ сағат 20:00 шамасында баланың әпкесі мен ресми өкілі журналистерге хабарласып, оларды пойызға мінгізбей, ұстап қалып, бір топ полицейдің ОҚО ішкі істер департаментіне күштеп әкетіп бара жатқанын хабарлады.

Содан кейін ОҚО ішкі істер департаментінің ғимаратында ұсталып отырған жәбірленуші бала, әжесі мен әпкесіне оның ресми өкілі Дінмұхаммед Артықов пен қорғаушысы Бауыржан Азанов кіргізілді. Іштен шыққан ресми өкіл баланың Шымкенттегі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберілгелі жатқанын хабарлады.

Сағат түнгі он жарымдар шамасында жеті жасар баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы қаулы қабылданғаны жөнінде хабарлама таратты.

Ресми хабарламада «Шымкент темір жол вокзалында баланың әжесімен әңгіме жүргізілді. Оларға мемлекет тарапынан берілетін қорғауға алу құқығы бойынша тергеуші қаулысының қажеттілігі туралы түсіндірілді. Содан кейін баланың әжесі мемлекет тарапынан берілетін қорғауды пайдалану құқығын қолдану туралы шешім қабылдады», - деп жазылған.

Ізінше ОҚО ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қарагөзова баланың «кәмелет жасына толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізілгенін мәлімдеді».

Жәбірленушілердің ресми өкілі Құрманғазы Мүсір кәмелет жасына толмағандарды бейімдеу орталығына барып, баланың онда жоқ екенін хабарлады.

«Баланың әпкесімен сөйлестім. Оларды бізден жасырып ұстап отыр. Сол факт бойынша енді полицейлерге барып, бізден оларды алып кетіп, жасырғаны үшін арыз өткіземіз», - деді Құрманғазы Мүсір.

Бала құқығы жөніндегі Зағипа Балиева баланың және оның жанындағы әжесі мен әпкесінің психологпен бірге жалдамалы пәтерге орналастырылғанын айтты.

Еске салсақ, 12 наурыз күні қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында «Абай ауылындағы мектептердің бірінде 7 жасар баланы жоғары сынып оқушылары бірнеше рет зорлаған» деген ақпар тарады. Жеті жасар баланың әжесі бұл туралы аудандық ішкі істер органдарына хабарланғанын, бірақ тергеу шараларының жеткілікті жүргізілмей келе жатқанын айтты.

Содан кейін кешкісін ОҚО Ішкі істер департаменті «Сарыағаш ауданындағы кәмелеттік жасқа толмаған 7 жасар балаға қатысты мектеп оқушыларының оны ұрғаны және зорлағаны жөніндегі дерек бойынша Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігімен Сарыағаш аудандық ІІБ ПБ қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалған. Қылмыстық істің тергеуіне қатысты қалған мәліметтер тергеу құпиясы болғандықтан, жарияланбайды. Істің тергелуі ОҚО ІІД басшылығының жеке бақылауында», - деп хабар таратты.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратурасының хабарлауынша, тергеу аясында сот психологиялық-психиатриялық сараптамалар тағайындалды.

«Олардың қорытындылары әлі дайын емес. Нәтижесі бойынша Астана қаласында арнайы мамандардың қатысуымен кешенді сот-медициналық сараптамасы жүргізіледі», - делінген хабарламада.

Бұл оқиға Қазақстан қоғамында үлкен дау туғызып, әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатыр.