Оңтүстік Қазақстан облысының Төлеби ауданында «Болашақ – білімді жастардың қолында» атты жас мемлекеттік қызметшілерге арналған көшпелі семинар ұйымдастырылды. Семинарға облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары Қайырбек Құнанбаев арнайы қатысып, жас мемлекеттік қызметшілермен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараның мақсаты - жас мамандардың бойындағы жауапкершілік сезімін оятып, мемлекеттік қызметшілердің имиджін қалыптастыру. Жиында сөз алған аппарат басшысының орынбасары жас қызметкерлермен өзінің өмірлік ұстанымдарымен бөлісті.
«Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті туған Отаны мен халқына адал қызмет етумен бағаланады. Өткен жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңында көрсетілген мансаптық модель жүзеге асырылуда. Осы заңда айтылғандай, мемлекеттік қызметшіні сіңірген еңбегі мен жетістігі, қабілеті мен кәсіби даярлығына қарай мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету қағидатына сүйенеміз. Мемлекеттік қызметшінің жұмысы ашықтық, жариялылық, әділдік принциптерімен ұштастырылады»,- деді Қ.Құнанбаев.
Мемлекеттік қызметтің маңыздылығын көрсете отырып, имиджін көтеру мақсатында «Менің ұжымым» және «Мемлекеттік қызметшінің бір күні» атты екі байқау жарияланған болатын.
Байқау аясында кез келген мемлекеттік қызметкер өзінің бір күндік жұмыс күнін немесе ұжымын бейнероликке түсіріп, ұсынуына болады. Үздік деп танылған шығармашылық жұмыс шара аясында марапатқа ие болады.
Сондай-ақ, семинар аясында қатысушылар тақырыптық семинарлар мен топтық конкурстарға қатысып, тәжірибе алмасты.