07 қар, 2017 сағат 09:36

ОҚО-да түлкібастық бағбандар биыл 24 мың тонна алма жинады

Кезінде алманың апорт сортын өсіріп, өңдеумен айналысқан Түлкібас ауданының бағбандары бұл істі қайта қолға алып отыр. Енді олар Түлкібастың брэнді болатын алма бау шаруашылығын дамыту мақсатындағы жұмыстарды ширатуда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәселен, ауданда соңғы 3 жылда шаруалардың алма егуге деген қызығушылықтары артқан, яғни, олар бос жатқан 814 га жерге алма бау егіп, мемлекеттен берілетін субсидияға қол жеткізген. Ал, биыл олар 355 га жерге алма бау отырғызды. Оның ішінде 122 гектары қарқынды бау. 

Түлкібастық шаруалар күзгі терім жұмыстарын уақытылы жүргізіп, бау-бақшалардан 24 мың тоннадан астам алма жинады. Жиналған алмалардың басым көпшілігі арнайы қоймаларда сақталса, қалғаны еліміздің өзге аймақтарында сатылымға шығарылуда. Әсіресе аудандағы ең ірі «Көктал» және «Кен-тау» шаруашылықтары 5970 тонна алма жинаған. 

Жалпы Түлкібас ауданы таулы аймақта орналасқан. Ауа райы қоңыр салқын, алма-бау жеміс ағаштарын өсіруге өте қолайлы аймақ болып есептеледі. Бүгінгі таңда аудандағы барлық жеміс ағаштарының көлемі 3115 гектарды құрап отыр. 2020 жылға дейін аудан көлемінде алма-бау көлемі 3600 гектарға жеткізіліп, оның ішінде ауданда қарқынды бауларды өсіру дамытылып, өнім көлемін ұлғайту жоспарлануда.

Айта кетейік, кеше ғана Оңтүстік Қазақстан облысында дәнді дақылдарды жинау жұмыстары толығымен аяқталғаны хабарланған. Биыл облыс диқандары астық өсіруде де озық технологияларды, оның ішінде терең қопсыту әдісін қолданудың арқасында мол өнімге қол жеткізді. Мәселен, облыс бойынша 258,8 мың  гектар жерге егілген  дәнді дақылдан шаруалар 589 мың тонна өнім алған.