28 там, 2017 сағат 13:28

ОҚО-да Конституция күніне орай бірқатар азаматтар алғыс хатпен марапатталды

Бүгін Шымкент қаласындағы облыстық орыс драма театрында Қазақстан Республикасының Конституция күні мерекесіне арналған «Айбары асқақ - Ата заң» салтанатты іс-шарасы өтті. Мерекелік жиынға қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев барша өңір жұртшылығын мерекемен құттықтап, 15 азаматты облыс әкімінің грамотасы және алғыс хатымен марапаттады, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Өз құттықтау сөзінде өңір басшысы Конституция - бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі екенін атап өтті.

«Халықтың өзі дауыс беріп, қабылдаған Ата Заңымыз өркениетті мемлекеттердің барлығына тән демократиялық қағидалармен толық қамтылды. Конституция бірлігіміздің тұрақтылығын, мемлекеттік құрылым мен еліміздің тұтастығын бекітіп берді. Әрбір азаматтың өзін тең сезінуіне және құқықтарын сақтауына берік негіз болды. Жасампаз жаңа дәуірге жол ашты. Еліміздің жеткен жетістігі мен алған белесі осы тұғырлы Конституциямыздың арқасында мүмкін болды», - деді Ж.Түймебаев.

Мерекелік шара «Ата Заң - азаттықтың айғағы, тәуелсіздіктің тұғыры» атты сахналық көрініс пен «Тәуелсіздік таңы» әні, «Бақытты ел - Бақытты отбасы» сазды хореографиялық қойылым, «Қуатты Армия - Қуатты Қазақстан» сазды патриоттық шеруі сынды концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Жаңа мемлекетіміздің құқықтық негізін айқындаған Конституциямыздың қабылданғанына биыл 22 жыл толып отыр.