Оңтүстік Қазақстанда облыс прокуроры және облыс әкімінің төрағалық етуімен заңдылықты, құқықтық тәртіп пен қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің және терроризмге қарсы күрес комиссиясының бірлескен мәжілісі өтті. Жиынға облыстық, аудандық және қалалық деңгейдегі құқық қорғау және мемлекеттік органдардың бірінші басшылары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Үйлестіру кеңесінің отырысында діни экстремизм мен терроризмге қарсы уәкілетті органдар тарапынан қолданылған іс-қимыл шараларының тиімділігіне жүргізілген талдау нәтижелері талқыланды. Жиынға қатысқандар дәстүрлі емес діни ағымдардың қызметіне тосқауыл қойып, табынушылардың бетбұрысын дәстүрлі дінге өткізу жайын талқылады. Діни ахуалды жақсарту тетіктерін қарап, прокуратурамен әзірленген құзырлы органдардың өзара әрекет ету алгоритмдері назарға ұсынылды.
Сонымен қатар, прокуратураның бастамасы негізінде облыстағы этносаралық жағдайды тұрақтандыру мен ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу және болдырмау мәселесі де сөз болды.
Аталған бағыттарда өңірдегі проблемалық мәселелерге назар аударылып, оларды шешу жолдары бойынша прокуратура тарапынан облыс әкіміне бірнеше ұсыныстар берілді. Оның негізінде, жергілікті атқарушы органдарда арнайы құрылымдар құру, неғұрлым қауіп байқалатын өңірлерде теологтарды көбейтіп, тұрақты жұмысын ұйымдастыру қажеттігі айтылды. Жекелеген қала, аудан прокуратураларында мекемеаралық Орталықтар құру қарастырылды. Қатысушылар тарапынан да бірқатар ұсыныстар берілді. Облыс әкімі тарапынан ұсыныстар қолдау тауып, өзімен методикалық-әдістемелік құралдарды дайындау мақсатында жұмысшы топтар құру ұсынылды.
Мәжіліс қорытындысымен құқық қорғау және мемлекеттік орган басшыларына нақты тапсырмалар белгіленіп, ұйымдастырушылық тұрғыда бірқатар шешімдер қабылданды.