04 қар, 2017 сағат 09:07

ОҚМУ студенттері "Ақсу-Жабағылы" қорығын аралады

Елбасы Н.Назарбаев өзiнiң «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жас ұрпақтың бойына туған жерге деген сүйiспеншiлiктi сiңiру мәселесiне ерекше назар аударғаны белгiлi. Ол үшiн өңiрдегi киелi мекендер мен табиғаты керемет орындарды жастар арасында насихаттау қажет. Осыған орай, М.Әуезов атындағы ОҚМУ тарих, археология, география, мұражай iсi және ескерткiштердi қорғау мамандықтарының студенттерi оқытушылармен бiрге Орталық Азиядағы ең үлкен қорықтардың бiрi – «Ақсу-Жабағылы» қорығында болып қайтты. Қорықтың атауы Ақсу және Жабағылы өзендерi атауының бiрiгуiнен пайда болған.

Жол нұсқаушымен бiрге бiз 12 шақырымды жүрiп өтiп, теңiз деңгейiнен 1 760 метр биiктiкке дейiн көтерiлдiк. Шаршау және күрделi жолға қарамастан, бiз Талас Алатауының сiлемдерi басталар тұстағы Жетiмсай шатқалындағы Кiшi Қайыңдыға да келiп жеттiк. Бұл жердiң тастарының орналасуына таңқалмау мүмкiн емес. Тура бiреу далаға әдейiлеп қойып шыққандай реттiлiкпен орналасқан. Қатар тiзiлген қалың жасыл шыршалар да көздiң жауын алады. Әрине, Ақсу-Жабағылы сарқырамасының өзi де биiктен қараған адамға таудан төмен қарай сырғыған қар көшкiнi iспеттi көрiнедi. Ал, ақыр аяғында ақ бұырқасыны құдды бiреу сусабын қосып қойғандай көз тамсандырады. Бұл шатқалда аюларды кездестiрiп қалуыңыз да мүмкiн екен. Жол бойында тiптi қонжықтардың iздерiн де байқадық, сондықтан шатқалда сақ болу керек.

Тұмса табиғаттың сырына таңдана жүрiп қайтар жолда қорыққа кiрер тұстағы мұражайға соқтық. Онда бiзге «Өлкетану» пәнiнен айтылған мәлiметтердi көзбен көрдiк. Сонымен қатар мұражайда қорықтың үш кезеңiне арналған экспозициялық залдарды араладық. Соның iшiнде ерекше қорғауға алынған аймақтың жер бедерi мен табиғаты ерекше қызушылық тудырды. Қатырылған жануарлар мен құстар, гербарийлер шыны сөрелерден өз орындарын алды.

«Ақсу-Жабағылы» қорығы жануарлар мен өсiмдiктерге өте бай. Табиғаттың бұл байлығын сақтап қалу үшiн оны қорғауымыз қажет. Экскурсия барысында бiздiң кафедраның студенттерi көп нәрсенi үйрендi және пайдалы ақпараттар алды.

Бұл сапар бiзге көптеген эмоциялар, жылы сәттердi және өмiрдi басқа да қырларынан көруге мүмкiндiк бердi.

Мөлдiр АМАНБАЕВА,

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дiң жалпы тарих және мұражай iсi кафедрасының оқытушысы.