26 қаң, 2022 сағат 13:00

«ӨКМ Оператор» ЖШС басқарушы директорының мүрдесі табылды


Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті "ӨКМ операторы" ЖШС (Оператор РОП) басшыларының бірі Руслан Шәмшиевтің өліміне қатысты тергеу жүргізіп жатыр.

Есіл ауданының полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 105-бабы (Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу) бойынша тергеуді бастады. Қазіргі күні тиісті сараптамалар тағайындалды.

Алдын ала болжам бойынша ол өзіне қол жұмсаған.

Шәмшиев 2021 жылдан компанияның құқықтық мәселелері жөніндегі басқарушы директоры болған. Сондай-ақ, "Азаматтарға арналған үкімет", көліктік прокуратура және кеден органдарында қызмет еткен.

Бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен "ӨКМ операторы" ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиевті ұстағанын жазған болатынбыз.

Олар жемқорлыққа қатысты күдікке ілінді. БАҚ мәліметінше, Пірімқұлов пен Құмарғалиев елден кетуге оқталған.

Еске сала кетейік, 2022 жылғы 11 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің кәдеге жарату алымын жүргізу және кәдеге жарату алымына иелік етуін тоқтату туралы тапсырма берді.

Соның аясында 2022 жылғы 18 қаңтарда ҚР Үкіметі «ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйымдардың кейбір мәселелері туралы» қаулы қабылдады. Осыған байланысты өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы болып мемлекеттік ұйым ретінде «Жасыл даму» акционерлік қоғамы айқындалды.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 105-бабында жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін немесе өзiн-өзi өлтiруге баруға дейiн жеткiзу үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланатындығы көзделген.