Фото: Бейнежазбадан
Шығыс Қазақстан облысында колледж студенті бірнеше бопсалау дерегі бойынша күдікке ілінді, деп хабарлайды Ult.kz.
Полицияның мәліметінше, өңірдегі оқу орындарының бірінде болған бірқатар қылмыстық әрекеттердің жолы кесілген. Күдікті ретінде ауданның 17 жастағы тұрғыны анықталды.
Алдын ала есеп бойынша, жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын шамамен 1 миллион теңгені құрайды.
Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті жәбірленушілерге психологиялық қысым көрсетіп, ақша талап еткен. Мәселен, бір жағдайда ол жанжалдан кейін студенттен 160 мың теңгеден астам қаражат бопсалаған.
Осыған ұқсас тәсілдер арқылы басқа да студенттер ақшасынан және қымбат смартфондарынан айырылған. Кейбірі талап етілген соманы табу үшін достарынан қарыз алып немесе микрокредит рәсімдеген.
Сонымен қатар, күдіктіге құрдастарын заңсыз бас бостандығынан айырды деген айып тағылып отыр.
Қазіргі уақытта сот шешімімен оған "үйқамақ" бұлтартпау шарасы қолданылды. Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 194-бабы ("Бопсалау") және 126-бабы ("Заңсыз бас бостандығынан айыру") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
