15 қаз, 2019 сағат 09:14

Обыр ауруларының алдын алу Қазақстанда үнемі басымдыққа ие болады - Біртанов

Елордада Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммитінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда онкологиялық аурулардың алдын алу шаралары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі шара Қазақстан денсаулық сақтау жүйесінде маңызды тарихи оқиға болып саналады. Себебі бұл онкология бойынша Орталық Азияда және ТМД елдері арасында жоғары деңгейлі алғашқы шара болып отыр. Соңғы 10 жыл бойы Қазақстан Халықаралық обырға қарсы одақ (UICC) мүшесі болып келеді. Атап айтқанда, онкологиялық аурулармен күрес мәселесі Қазақстанның әлеуметтік саясатында үнемі басымдықты бағытқа ие болып отыр», - деді Елжан Біртанов.

Сонымен қатар ведомство басшысы 2018 жылы елімізде қатерлі ісік онкологиялық аурулармен күрес бойынша төрт жылға арналған кешенді жоспар әзірленгенін еске салды. Жоспарды жүзеге асыруға 35 млрд теңге қарастырылған.

«2018 жылы Қазақстанда онкологиялық аурулардың скринингтік бағдарламаларын енгіздік, 2016 жылы аталған скринингтік бағдарламалар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Ықпал ету миссиясымен зерттеліп, жаңартылды. Қазіргі кезде біз ақысыз түрде қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау бойынша скринингтер жүргізудеміз. Онкологиялық аурулармен күрес бойынша кешенді жоспар аясында ерлер мен әйелдер үшін тексерілу кабинеттерін ұйымдастырдық, олардың саны 539-ден 1284-ке дейін артты», - деді Елжан Біртанов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордада Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммитінің жұмысы басталды. Шараға 70 елден 350 делегат қатысып жатыр.