02 сәу, 2020 сағат 10:25

Алматы облысында медицина қызметкерлерінің сыйақысына 137 млн. теңге бөлінді

Алматы облысында коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу жұмыстарына тартылған өңірдегі медицина қызметкерлеріне сыйақы беру үшін бюджеттен 137 млн. теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласы маңында қойылған санитарлық посттарды аралаған кезінде айтты, деп хабарлайды өңір басшысының баспасөз қызметі.

Санитарлық постта хабарлама жасаған Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың айтуынша, санитарлық посттардан өту бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен полиция қызметкерлері қалаға кіретін адамның тіркелген жерін онлайн форматта тексереді, егер олар Талдықорған қаласының немесе оның маңайындағы елді мекендердің тұрғындары болмаса, онда көліктер кері қайтарылады. Кірген көліктердің барлығы дезинфекцияланады, әрбір жүргізуші мен жолаушы тепловизор арқылы тексеріледі. Талдықорған маңайындағы санитарлық посттардың барлығы да осындай принциппен жұмыс істейді.

Атап өтсек, Алматы – Талдықорған трассасының 3-ші бөлімше жағынан қалаға кіреберісіне қойылған 1-ші санитарлық посттың өзінен бүгін 800 машина өткен, қалаға 1520 адам кірді, сол сияқты 420 машина кері қайтарылған. Ал Текелі – Талдықорған трассасынан қалаға кіреберістегі арканың жанында орналасқан 3-ші санитарлық посттың жұмысы басталғалы бері 35 мыңнан астам автокөлік тексеріліп, дезинфекцияланған, қалаға 84 мыңға жуық адам кірген.

Аралаудың соңында Амандық Баталов коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеуге бағытталған жұмыстарға тартылған қызметкерлерге сыйақы берілетінін айтты:

«Бірінші кезекте сыйақы медицина қызметкерлеріне беріледі. Бұл мақсатқа біз 137 млн. теңге бөлдік. Одан кейін қауіпті инфекцияның таралуын тоқтату үшін, халықтың денсаулығы мен өмірін сақтау үшін постта күні-түні жұмыс істеп жүрген полиция қызметкерлеріне, басқа да қызметтердің, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне беріледі», - деген А.Баталов барлық санитарлық посттар мен блокпосттарда күшейтілген режимде жұмыс істеуді жалғастыру керектігін айтты.

«Көп нәрсе сіздердің әрқайсыларыңыздың сапалы да жауапты жұмыстарыңызға байланысты. Вирустың таралуына жол бермеуіміз керек. Сондықтан егер қажет болса, барлық қызметтерден қосымша адам тартыңыздар. Посттардың жұмыс істеуіне қажетті жағдайлардың бәрі бар, біз қолдау көрсетуді жалғастыра береміз, - деп қорытындылады А.Баталов.

Атап өтсек, облыс бойынша барлығы 103 пост жұмыс істейді, оның 57-сі - санитарлық және 46-сы - блокпост. Қажеттілігіне қарай олардың саны ұлғайтылатын болады.