11 мам, 2022 сағат 14:23

Нью-Йорк соты Ілияс Храпуновқа санкция салды


Нью-Йорктің федерал соты Ілияс Храпуновқа "БТА Банк" АҚ және Алматы қаласы бастаған іс бойынша санкция салды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Әділет министрлігінің сайтына сілтеме жасап.

Ведомство хабарына қарағанда, Нью-Йорктің Оңтүстік округінің аудандық соты 2022 жылдың 4 мамырында Ілияс Храпуновқа сот бұйрықтарын бірнеше рет бұзғаны, дәлелдемелерді жойғаны және сотқа жалған жауап бергені үшін 221 285,31 доллар көлемінде санкциялар салды. Төлем 30 күн ішінде жасалуы керек.

Министрлік бұл Нью-Йорк сотының Храпуновқа ақшалай санкциялар салуының екінші кезі екенін еске салды. Біріншісі интернет арқылы құпия айғақтар жария етілгеннен кейін салынған еді. Сонымен қатар, сот жауапкерлердің сот процесін бұзғандығын кем дегенде алтыншы рет растауы болып саналады.

Осыған ұқсас теріс қылықтар үшін Храпуновтың бірлескен жауапкері Мұхтар Әблязовқа бұрын 140 115,60 АҚШ доллары мөлшерінде санкция салынған болатын.

Осы аптада қабылданған бұйрық Храпуновқа салынған санкциялардың мөлшерін белгіледі және бітімгершілік судьясы Кэтрин Паркердің 2020 жылғы 19 мамырдағы шешімінің жалғасы болып табылады.

"Бұл шешімді Округтік судья Элисон Дж. Натан қолдады. Ол, өз кезегінде, бұған дейін БТА Банкінің және Алматы қаласы әкімдігінің Әблязовқа, Храпуновқа және Triadou SPV S.A. жалған компаниясының АҚШ-та ондаған миллион АҚШ долларын жылыстатқаны үшін қойған талаптары үшін үлкен маңызы бар дәлелдемелерді табуына Әблязовтың, Виктор және Ильяс Храпуновтардың кедергі келтіргенін анықтаған", - делінген хабарламада. 

Министрлік мәліметінше, сот жауапкерлердің айғақтарды жасырғанын, дәлелдемелерді әдейі жойғанын, жалған айғақтар бергенін, сот қаулыларын бұзғанын анықтады.

Осы аптада қабылданған шешімде судья Паркер "БТА Банк" АҚ мен Алматы қаласы әкімдігі мүдделерін білдіретін заңгерлер командасын мақтап, оларды дайындалған және білікті адвокаттар деп атады.

Boies Schiller Flexner LLP Басқарушы серіктесі және талапкерлердің адвокаты Мэтью Л.Шварц былай деп мәлімдеді: "Алматы қаласы мен "БТА Банк" АҚ соттың бұл істі мұқият бақылауын бағалайды. Мұхтар Әблязов, Ілияс Храпунов және олардың сыбайластары сот процесіне адал қатысудан бірнеше рет бас тартып, соттың көптеген қаулыларын бұзған. Осыған қарамастан, олардың қылмыстарының дәлелі өте көп. Біз бұл дәлелдерді Нью-Йорк қаласының алқабилер сотының алдында ұсынуды асыға күтеміз.

"Алматы қаласы мен БТА Банкінің атынан Нью-Йорк процесі Мұхтар Әблязовтың және оның қылмыстық сыбайластарының ұрланған ақшаны АҚШ-та жылыстатқаны үшін айыптауы бойынша алты жылдан астам уақыт бұрын басталған болатын. Бүкіл әлем бойынша соттар анықтағандай, Әблязов жалған несие беру арқылы БТА банкінен миллиардтаған долларды жымқырған. Ол осы іс-әрекеттер үшін Қазақстанда сотталған, сондай-ақ Ұлыбритания соттарында жауапты деп танылған.

АҚШ-тағы сот талқылауы барысында талапкерлер Әблязов қылмыстарының қосымша қомақты дәлелдерін жинады, сондай-ақ осы қылмыстардың көптеген куәгерлерінің айғақтарына қол жеткізді. Негізгі сот процесінің басталуы 2022 жылдың күзінде Нью-Йоркте америкалық алқабилер сотының алдында өтеді деп жоспарланған" - делінген хабарламада.