10 қаң, 2020 сағат 16:35

Нығматулин Шығыс Қазақстан облысына келді

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттардың аймақтарға сапары аясында жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына келді, – деп хабарлады Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі.

Палата Спикері өңірге жоспарланған сапарын биыл туғанына 175 жыл толатын Ұлы ағартушы, кемеңгер тұлға Абай Құнанбайұлының туған жерінен бастады.

Семей қаласында Нұрлан Нығматулин "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық мұражайында болды.

Мәжіліс Төрағасы Ұлы Абай қазынасы Қазақстан халқының рухани игілігі екенін алға тарта келіп, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет Басшысы Қасым -Жомарт Тоқаевтың ұлы ақын шығармаларын кеңінен насихаттауға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Мәжіліс Төрағасы Қазақстан Президентінің "Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан" мақаласында Абай шығармаларын сақтау мен Семейдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты алға қойған міндеттердің маңыздылығына тоқталды.

Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, оларды жүзеге асыру әлемдік деңгейдегі тұлғаның 175 жылдығын жоғары деңгейде өткізумен қатар,  еліміздің тарихи-мәдени мұраларын одан әрі нығайтуға жол ашатыны сөзсіз.