ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин билік өкілдеріне бағынбағаны үшін айыппұл көлемін арттыруға қарсылық білдірді.
Бұл жайында ол палатаның бүгінгі жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысы ауыр емес немесе орташа ауырлықтағы қылмыстық қылықтар үшін жазаны жеңілдету мақсатын қойды. Оның орнына заң жобасында айыппұлдарды қатаңдатып, оның көлемін 11 млн. теңгеге дейін арттыру ұсынылып отыр», - деді Н. Нығматулин.
Заң жобасында төтенше жағдай және лаңкестікке қарсы операция аймағында билік өкіліне қатысты күш көрсеткен немесе бағынбағаны үшін жаза қатаңдатылады. Құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің және әскери қызметшінің өміріне қолсұғушылық үшін жауаптылық белгіленеді.
Билік өкіліне бағынбағаны үшін айыппұлды жүз АЕК-тен екі жүз АЕК-ке дейін арттыру ұсынылып отыр, ал өмірге немесе денсаулыққа қауіпті емес күш көрсеткені үшін екі мың АЕК-тен бес мың АЕК-ке дейін көтеру ескерілген.
Осы орайда Нығматулин айыппұлды арттыру өз кезегінде қылмыстылықты төмендетуге кепілдік бермейтінін айта келе, заң жобасын екінші оқылымда қарастыру кезінде тиісті түзетулер енгізуді ұсынды.