Мәжіліс депутаттарының аймақтарға іс-сапары барысында Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ақмола облысының орталығы - Көкшетау қаласына барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ең әуелі «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болған Мәжіліс Спикері көпсалалы ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру жайымен танысты. Мұнда ауыл шаруашылығы және коммуналдық шаруашылыққа қажетті техника құрастырылады. Жалпы алаңы 6 гектардан астам жерді қамтыған кәсіпорын бүгінде инновациялық талапқа сай жемісті жұмыс атқарып келеді.
Сапар барысында Н. Нығматулин «Көкшетау минерал сулары» кәсіпорны жұмысшыларымен кездесті. Өз сөзінде Мәжіліс Төрағасы бабаларымыз сары жайлау атаған, сұлу Көкшетау еліміздегі тарихы бай қалалардың бірі екенін, Елбасының тұрақты қамқорлығының арқасында жыл сайын көркейіп, бүгінгі күні болашағы жарқын, мақсаты айқын, іргелі мекенге айналғанын атап өтті.
Мәселен, Ақмола облысы еліміздегі ірі астықты өлке ретінде Қазақстан бойынша бидайдың төрттен бір бөлігін өндіріп, әрбір отбасының, әрбір шаңырақтың дастарханын ас атасы – қасиетті нанмен толтырып отыр.
Бүгінде әлемнің 26 еліне астық экспорттап, Қазақстанымыздың экономикалық дамуына да үлкен үлес қосуда.
Бұл облыста былтыр ғана Елбасының қатысуымен жаңа индустриалды–технологиялық парк ашылды. Еліміздің индустрияландыру картасы бойынша көптеген жаңа жобалар қолға алынып, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға жағдай жасалды.
ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының баспасөз қызметі мәлім еткендей, жалпы, бұл облыс өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, инвестициялар тарту және тұрғын-үй құрлысы салаларында жоғары жетістіктерге жетіп, Қазақстанымыздағы аграрлық-индустриялық аймаққа айналып келеді.
Нұрлан Нығматулин атап өткендей, кәсіпкерлік саласында да мыңдаған нысан ашылған. Соның ішінде, тәуелсіздіктің құрдасы саналатын «Көкшетау минерал сулары» зауыты 100-ге жуық сапалы әрі табиғи өнім шығарып, жыл сайын бәсекеге қабілеті артып келеді.
Өз сөзінде Мәжіліс Спикері Қазақстанымыздың 26 жыл ішіндегі табыстарына тоқталып, болашақ жоспарлармен бөлісті. Сондай-ақ, Мәжілістің сессия басталғаннан бергі заң шығармашылық қызметіне қатысты ақпараттармен бөлісті.
Мәжіліс Төрағасының айтуынша Палата өз қызметінде Елбасының «Қазақстан - 2050» даму бағдарламасын, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын, «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларын заң тұрғысынан қамтамасыз етуге баса көңіл бөледі. Осы ретте Мәжіліс қарауында сессия басталғанда барлығы 80 заң жобасы болса, оның 42-сі мақұлданған. 12 заң жобасына депутаттар өздері бастамашы болды. Бүгінгі күні 33 Заңға Президенттің қолы қойылып, өз күшіне енді.
Осыдан кейін Мәжіліс Спикері «Авиценна» емдік-профилактикалық мекемесінде болып, ақ халаттылармен кездесті.
Дәрігерлер алдында еліміздің медицина саласындағы жетістіктер жайында және Елбасы жүктеген болашақ жоспарлар турасында баяндады.
«Бүгін біз Ақмола облысында ауыл халқымен және әртүрлі сала мамандарымен кездесіп, көптеген сұрақтарды талқыладық. Әсіресе, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алдымызға қойған мақсаттар мен міндеттерге баса көңіл бөлінді. Көптеген ұсыныс, көптеген пікір, соның ішінде проблемалар да айтылды. Олардың барлығы алдағы заң шығару жұмысымызда ескерілетін болады»,-деді Көкшетауға сапары барысында Н. Нығматулин.
Палата Спикерінің пікірінше, Мәжіліс депутаттарының аймақтарға сапары, халық үшін де, депутаттар үшін де өте маңызды. Өйткені, бұл кездесулер ортақ мәселелерді тікелей талқылап, тығыз жұмыс жасауға мүмкіндік береді.